$ 494.87  520.65  4.91

«Ауыл шаруашылығы су тапшылығынан зардап шегеді» – америкалық зерттеу орталығы

Жуырда Тәжікстан біздің елге 315 млн текше метр су беруге келісті.
фото: inform.kz
фото: inform.kz

Вашингтондық Caspian Policy Center зерттеу орталығы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына зерттеу жүргізіп, елімізді ауылшаруашылық экспортері ретінде біраз қиындық күтіп тұрғанын мәлімдеді. Тіпті, бұл қиындықты еңсеруге шетелдік инвестиция да көмектесе алмайды дейді. Зерттеу жұмысы аталған орталықтың ресми сайтында жарияланған деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Нидерландық инвесторлар жылыжай инфрақұрылымды және қолданыстағы технологияны жақсарту арқылы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық әл-ауқатын нығайтуға 232 миллион доллар құяды деп күтілуді. Бұл келісімге екі ел үкіметі 4 маусым күні Нұр-Сұлтанда қол жеткізген еді. Алайда, аталмыш инвестицияның шарапаты ұзаққа созылады деп айту қиын дейді зерттеу авторы Джастин Рич. 

Сарапшы ұсынған сандарға сенсек, тек 2019 жылдың өзінде Қазақстан Ресейге 600 мың тоннаға жуық қызанақ пен 100 мың тонна қияр экспорттаған. Жылыжайларға салынған инвестиция бұл сандарды одан әрі арттыра бермек. Сонымен қатар, Қазақстан Қытай, Ресей және Өзбекстан сияқты көршілес елдерде үлкен сұранысқа ие зығыр, күнбағыс, соя сияқты майлы дақылдардың экспортын одан әрі ұлғайтуға әрекет жасауда. Ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттау секторында оң тенденциялар байқалғанымен, бұл жоспардың орындалуына су тапшылығы кедергі болуы мүмкін. Өйткені, Орта Азияда, соның ішінде Қазақстанда ағынды су тапшылығы жылдан жылға проблемаға айналып келеді.

Нұр-Сұлтанда агробизнесті инвестициялау туралы жиын барысында Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі өзінің тәжікстандық әріптесімен Бахри Точик су қоймасынан Қазақстанға келетін су ағынының көлемін ұлғайту туралы келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде Тәжікстан қосымша 315 миллион текше метр суды (2019 жылы Қазақстанның суаруға пайдаланған су көлемінің шамамен 3 пайызы) алдағы екі айда Қазақстан жаққа бағыттайтын болады.

«Өз кезегінде Қазақстан Тәжікстанға өзінің энергия өндіретін қуатын сақтап тұруға қажетті ресурстармен көмектеседі. Бұл Карақұм су электр стансасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отыру үшін су қоймасына сүйенетін және қыс мезгілінде электр қуатының тапшылығын сезінетін, мұнайы мен табиғи газы жоқ Тәжікстан үшін маңызды», - дейді сарапшы.

Келісім екі тараптың да суды бөлу мәселесінде өзара тиімді шешім қабылдауға дайын екенін көрсетеді, бірақ климаттың өзгеруі бұл әріптестікті қиындатуы бек мүмкін. Ричтың айтуынша, егер су тапшылығы күн тәртібінде өзекті мәселеге айналатын болса, Тәжікстан суды бөліспей қоюы мүмкін, өз кезегінде бұл Қазақстанның ауылшаруашылығына ауыр зиянын тигізеді. Қазірдің өзінде Қазақстанда су тапшылығы айтарлықтай сезіліп отыр, мұны Арал теңізі мен Балқаш көлінің азайып бара жатқанынан аңғаруға болады. 

«Қазақстанның ауылшаруашылық секторы шетелдік инвестициялардың молдығымен ерекшеленсе де, суды бөлісе пайдалану бойынша келісімдер негізгі басымдық болып қалуы керек. Әйтпесе, су тапшылығы ауылшаруашылық өнімдерінің экспортына үлкен қауіп төндіруі мүмкін», - деп аяқтады автор өз зерттеуін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ауыл #ауыз су