$ 498.34  519.72  4.85

Тоқаев күйеуін өлтіріп, 21 жылға сотталған әйелге рақымшылық жасады

Әйел жазасының жартысына жуығын өтеген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысында нашақор күйеуін өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан әйелге рақымшылық жасады.

Лариса Антонюк 2011 жылдан бері түрмеде отыр. Осыдан он жыл бұрын сот үкімімен күйеуін өлтіргені үшін 21 жылға сотталған еді.

Әйел болашақ жарымен Қазақстанда танысқан, кейін үйленгеннен кейін ерлі-зайыпты ер адамның отаны – Түрікменстанға көшеді. Ата-енесі келіндерін бірден қабылдамаған, ал көп ұзамай ол күйеуінің есірткіге тәуелді екенін біледі. Уақыт өте ер адам әйелі мен балаларына қол көтере бастаған, есірткі сатып алу үшін ақша талап еткен. Кезекті ұрыс-керіс кезінде Лариса күйеуінен қорғанамын деп абайсызда оны өлтіріп алған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Әйел жергілікті колонияға қамалады, ал төрт баласы балалар үйіне түседі.

Кейін Қазақстан азаматы Отанына қайтарылады. Сол кезде Ларисаның апасы балаларды балалар үйінен алып, өз қамқорлығына алған. Ал қазір балаларға  Ларисаның тұрмысқа шыққан үлкен қызы қарап жүр.

"Мекеме қызметкерлері рақымшылық жасауға қажетті материалдарды жинап, мемлекет басшысына жіберді. Қазақстан президенті Лариса Антонюкке рақымшылық жасады. Сотталушының мерзімі 21 жылдан 16 жылға қысқарды. Әйел тиісті құжатпен танысты", - деді ШҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Жанболат Қалетаев.

Рақымшылыққа байланысты әйелді мерзімінен бұрын шартты босату мерзімі 2021 жылдың шілдесінің соңына келіп тұр.

Колония қызметкерлерінің айтуынша, Лариса жазасын өтеу кезінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Әйел тігін цехында істейді. Бұқаралық мәдени шараларға белсенді қатысады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары