Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мақсатында Жамбыл облысының аумағында «Заңсыз трафик» жедел алдын алу іс-шарасының апталық бірінші кезеңі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шара барысында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 337 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған санаттағы шетелдіктерден сот шешімімен ТМД елдерінің 35 азаматы Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарылды.
«Шетелдік жұмысшы күшін және иммигранттарды тартуда Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының төрт азаматына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалардың бұзушылықтары үшін Қазақстанның 194 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді Жамбыл облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Тұрдалиев. Қазақстанның мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені үшін Қырғызстан Республикасының азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастырғаны үшін Қазақстанның екі азаматына қатысты тергеу жүріп жатыр. Көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді анықтауда жүргізіліп жатқан жұмыстар Жамбыл облысының полиция департаменті көші-қон қызметінің тұрақты бақылауында.