Алматыдағы бірнеше ауданда электр қуаты өшіп қалды. "Алатау Жарық компаниясы" жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Компания мәліметінше, сағат 10.31-де "Еременсай" қосалқы станциясында 110 киловатт №148а желісі бойынша электр қуаты апат жағдайында сөндірілген. "Алатау Жарық компаниясы" ақпаратына сүйенсек, нәтижесінде Әуезов, Жетісу, Алатау аудандарының тұрғындары жарықсыз қалған. Алайда қала тұрғындарынан Алмалы және Бостандық аудандарында да жарық сөнгені туралы хабарлама түскен.
"Жарықтың сөнуіне қатты ыстық себеп болды. Тағы бір себебі - энергиямен жабдықтау бойынша ЖЭО-1-дің жыл сайынғы жазғы аялдамасы", - деді компания бас инженерінің орынбасары Нұржан Әділбеков.
"Алатау Жарық компаниясы" мәліметінше, ЖЭО-1 өшірілгеннен кейін артық жүктеме болған. Бұл 110 киловатт №103а және №149а электр беру желілеріндегі қуаттың көбеюіне себеп болған. Қабылданған шаралар нәтижесінде сағат 11.18-ге дейін барлық тұтынушыға электр қуаты қосылды.
Бұған дейін Алматыда КЕGОС желілеріндегі апат салдарынан жарық жаппай өшіп қалғаны хабарланған болатын.