Қайырымдылық – ұлы іс. Әсіресе, көп балалы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды назардан тыс қалдырмай, әрқашан қолдап, көмектесіп отыру мемлекетке жүктелген басты міндеттердің бірі. Дегенмен, бұл мәселе ешқашан назардан тыс қалған емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сөзінше, көп балалы, аз қамтылған отбасылар үшін республикалық деңгейдегі мемлекеттік гранттар мен әлеуметтік төлемдерден басқа, жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қолдау үздіксіз жасалып келеді деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Мысалы, балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында барлық облыстардың әкімдіктері балаларға сыйлықтар ұсынумен түрлі ойын-сауық және мәдени іс-шаралар өткізген. Бұған нақтырақ тоқталып өткен әлеуметтік көмек департаментінің директоры:
«Жергілікті бюджет есебінен жетім балаларға, мүгедек балаларға жалпы сомасы 82,3 млн.теңгеге материалдық көмек көрсетілді, аз қамтылған отбасылардың балаларына, көру қабілеті бұзылған балаларға 57,1 млн.теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Барлық дерлік аймақтарда ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер, сондай-ақ балалардың қатысуымен спорттық жарыстар өткізілді », - деген болатын.
Сонымен қатар ол отбасылық қауіпсіздік және аналықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы талдау «Әлеуметтік қамсыздандырудың минималды стандарттары туралы» конвенцияда бекітілген халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетіндігін көрсетті деп атап өтті. Қабылданған шаралардың тиімділігі туралы қоғамдық пікірді социологиялық зерттеу нәтижелері бойынша репродуктивті жастағы халықтың үлесі және балалары бар отбасыларды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар тиімділігін оң бағалайтыны анықталды.
Мұндай әлеуметтік көмек пен мемлекеттік қолдау шаралары еліміздің әр өңірінде де өткізіліп жатады. Оған осы шілде айында ұйымдастырылып жатқан мына акция мысал бола алады.
«Ел тірегі - Елбасы» акциясы аясында Қарағанды облысының 1250 аз қамтылған отбасы «АЯЛА» қайырымдылық қоры атынан азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Бұл іс-шара «Халық» қайырымдылық қорының бастамасымен осы 2021 жыл бойына Қазақстанның барлық аймақтарында өткізіледі.
Осы айда акция аз қамтылған және көп балалы отбасыларды, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 20 мыңдай қазақстандық отбасыларды қамтиды. Жалпы алғанда, олар 500 миллион теңгеге миллион килограмнан астам тамақ ала алады. Салмағы 50 килограмм болатын әр жиынтыққа күріш, қарақұмық, ұн, макарон өнімдері, өсімдік майы, бұқтырылған ет, қант, шай және тәттілер кіреді.
- Қарағандылықтар биыл біздің қорға ерекше жақын болды. Біз оларға тек азық-түлік жағынан ғана көмектеспейміз. Маусым айында біздің қор облыстық ауруханада заманауи терапия жабдықтарын орнатты, бұл ауыр асфиксиямен ауыратын жаңа туылған төрт нәрестенің өмірін сақтап қалды. Біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды дамыту үшін Теміртау қаласындағы No5 арнайы мектеп-интернатына және Қарағанды қаласындағы No3 психологиялық-педагогикалық түзету бөлмесіне екі TOMATIS құрылғысын орнатуға көмектестік. Осы жылдың соңына дейін біз тағы да көптеген игі істерді жоспарлап отырмыз. Бұл идеялардың барлығы біздің қордың қамқорлығымен Қарағанды облысының мыңдаған тұрғындарын қамтуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті «АЯЛА» КФ президенті Айдан Сүлейменова.