$ 443.35  475.54  4.82

«Бізді ұмытқан емессіздер»: Елордада қайырымдылық шаралары қалай өтуде?

Азық-түлік себеттерінде балаларға арналған тәттілер, отбасы үшін қажет барлық тұрмыстық заттар бар.
фото: astana.gov.kz
фото: astana.gov.kz

Қайырымдылық пен қарапайымдылық адам баласының сәнін кіргізіп тұратын ізгі қасиеттер екені даусыз. Өмірдің ағымы, тұрмыстың талабымен тырмысып жүргенде, бір сәт айналаға көз жүгіртіп, өзіңнен басқа жандарға да көз қырыңды салып, оларға да бір сәт қуаныш сыйлауға тырысу оңай дүние емес. Өзіңнен артылмай жатқанды өзгемен бөлісу үшін де кең жүрек керек шығар.

Дегенмен, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деген Абай хакімнің ұранын жадында ұстап, қолында барын қандасынан аяп қалмайтын қайырымды жандардың қатары да аз емес. Ол игі істердің бірі көпке айтылып жатса, бірі айтылмайды. Өйткені жақсылық айқайлап жасалмайды. Осы орайда Skifnews.kz ақпараттық порталы астанада өткізіліп жатқан игі істер төңірегінде шолу жасаған болатын.

Айта кетсек, соңғы алты айда қала әкімдігінің бастамасымен «Қайырымды істер» аясында елордада түрлі қайырымдылық шаралары жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен елордалық еріктілер өткізіп жатқан «Жүректен жүрекке» акциясы еді.

Кең көңіл, жылы жүректі еріктілердің бастамасымен ұйымдастырылып жатқан «Жүректен жүрекке» акциясы аясында аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға және елорданың жалғызбасты аналарына материалдық көмек көрсетіледі. Азық-түлік себеттерінде балаларға арналған тәттілер, отбасы үшін қажет барлық тұрмыстық заттар бар. 

«Біздің мақсатымыз - бұл адамдардың өмірін түбегейлі өзгерте алмасақ та, ең болмағанда оларға дәл қазіргідей қиын уақытта азда болса, қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлау», - деді акцияның ұйымдастырушы Алпамыс Шаримов.

Қайырымдылық шарасы барысында астананың 100 белсенді жастары аз қамтылған 100 отбасына сыйлық қораптарын таратты.

«Мен әкімдікке және осыны ұйымдастырып, жүгіріп жүрген еріктілерге азық-түлік әкеліп, көрсетіп жатқан көмегі үшін алғыс айтамын. Бізді елеусіз қалдырмағандарыңызға, күтпеген жерден қуаныш сыйлағандарыңызға ризамын!», - дейді жалғызбасты ана Ақтоты Нұрланқызы.

«Сіздер бізді ешқашан ұмыт қалдырған емессіздер. Міне, бүгін де келіп қуантып жатырсыздар. Барлығы үшін рақмет! Баршаңызға амандық тілеймін!»- деп, елорда тұрғыны Нұрлан Ештайұлы еріктілерге алғыс айтып, ыстық ықыласын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, бұл «Қайырымды істер» акциясы елордада соңғы алты ай көлемінде өткізіліп жатыр. «Ізгі істер марафоны» аясында еріктілер, әкімдік қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, кәсіпкерлер мұқтаж азаматтарға, жалғызілікті зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға 10 мыңнан астам азық-түлік себеттерін таратқан болатын. Жоғарыда аталған отбасыларға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетілді.

Сондай-ақ, қайырымды жандар қасиетті мереке кезінде де қарап қалған жоқ. Мәселен, мұсылмандардың асыға күтетін Құрбан айт мерекесінде де мыңдаған отбасыға құрбандық еті таратылды.
«Ізгі істер марафоны» республикалық жобасы аясында жыл басынан бері елордада 300-ден астам түрлі іс-шаралар жүзеге асырды. 66 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетілді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары