09.08.2021, 14:40

«Лас ауаны жұтып отырмыз»: Түркістан тұрғындары көк түтінге тұншығуда

Бірнеші жылдан бері жалғасып келе жатқан мәселе үкімет деңгейінде де қаралды. Әзірге нәтиже жоқ.

Түркістан облысының шекара жанындағы ауыл тұрғындары маңайда өндірістік кәсіпорындар болмаса да лас ауамен тыныстауға мәжбүр, деп хабарлады "Хабар 24" арнасы.

Қолқаны қапқан көк түтін көршілес Өзбекстан аумағында өртелетін қоқыс үйіндісінен келеді. Бұл бүгін болып отырған жағдай емес, бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан мәселе. Екі ел өкілдері оны шешу үшін келіссөздер де жүргізген. Алайда нәтиже жоқ. 

Полигондағы қоқыс өртелгенде 100 шақырым аумақты тұмшалайды. Шекаралас Алпамыс батыр мен Көктерек ауылдарының тұрғындары неше жылдан бері көк түтінге тұншығып отыр.

"Кешке далаға шығып таза ауамен тыныстағың келеді. Алайда таза ауа жоқ. Жан-жақтан түтіннің иісі келеді", - дейді Алпамыс батыр ауылының тұрғыны Галина Хамидулина.

Сол ауылдың тұрғыны Соня Әлиева түтіннен жұртшылықтың денсаулығы сыр бере бастағанын айтады.

"Көк түтін ауыл үстінде тұрады. Соңғы екі күн тыныш. Сосын тағы басталады. Әзірге олар қоқыс жинап жатыр. Түтіннен тұрғындар сырқаттана бастады. Оны дәрігерлер де растайды. Соңғы кезде жергілікті амбулаторияға жүрек және тыныс алу жолдарының ауруымен жүгінетіндер көбейді", - дейді ол.

Медициналық амбулаторияның аға дәрігері Тасболат Кәрімов ауыл тұрғындары арасында қан қысымының жоғарылығынан диспансерлік тіркеуде тұрған азаматтар бар екенін, түтін олардың сырқатының асқынуына себеп болып отырғанын айтады.

"Көк түтін салдарынан аяғы ауыр әйелдер мен балалар да зардап шегуде. Әсіресе демікпесі барлар мен созылмалы пневмониямен ауыратындарға қиын", - дейді ол.

Қоқыс полигоны Ташкенттен 17 шақырым жерде орналасқан. Мұнда қаланың төрт ауданы мен қала маңындағы бір ауданның қоқысы шығарылады.

2019 жылы мәселені шешу үшін Келес ауданының әкімі мен облыстық мәслихат депутаттары Өзбекстанға барған. Қоқыс полигоны біреудің жеке меншігі екені анықталды.

"Полигон аумағында қоқыс өңдейтін зауыт болуға тиіс. Өзбекстанға барғанда полигон иесі бізге оның құрылысын 2021 жылдың соңына дейін аяқтауға уәде берген. Ол кезде зауыттың тек іргетасы қаланған болатын. Сол кездесуден кейін қоқысты өртеу жұмыстары біраз уақытқа тоқтады. Алайда қатты ыстықтан кейін түтін қайта пайда болды", - дейді Келес ауданы әкімінің орынбасары Серік Қарақұлов.

Биыл сәуірде осы мәселе тағы бір мәрте көтерілді. Бұл жолы оны екі елдің премьер-министрі талқылады. Сол кезде қоқыс полигонын басқа аумаққа көшіру жөнінде келісім жасалған. Жуық арада Түркістан облысының өкілдері тағы деллегация жасақтап, көрші елге осы мәселемен аттанбақ.

 

Тегтер: Өзбекстан