$ 510.08  539.61  5.15

«Күйеуім кредитке шыдамай, асылып өлді» – қарағандылық әйел

Қамшының сабындай ғана ғұмырда бұйырғаны қара су болса да, соны қорықпай ішуге, тыныштықта өмір сүруге әркім құқылы.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Қыз – жат жұрттық дегенді жастайынан қыздың құлағына құйып өсіретін елміз. Егер өз жұртым деп барған жер өзектен теуіп, бөтенсінсе, ол қайтадан туған шаңырағына орала ала ма? Әрине әкенің қамқорлығы мен ананың мейірімді жүрегі барда бұл мүмкін шығар?! Алайда шаңырақтың иесі аға мен жеңге болса ше? Тағдыр тәлкегімен күйеуінкен айырылып, бүлдіршіндерімен далада қалған қарындас аға мен жеңге шаңырағына уақытша болса да симайды екен. Бұған дәлел ретінде 3 баланың анасы қарағандылық Аида Мамраеваның оқиғасы.

"Еуразия" бірінші арнасының "Пендеміз ғой" бағдарлама кейіпкерінің оқиғасынан.

Күйеуімнен достары қаржылай көмек сұрап, алдап кетті. Ол өте аңқау және сенгіш еді. Бір үлкен жоба бастағалы жатырмыз, сен кредит алып, бізге көмектессең, көп ұзамай қаражатыңды екі есе шығарып аласың деді. Соған менің күйеуім имандай сенді. Себебі бөтен емес, қасында бірге жүрген жолдастары еді. Алайда уақыт өте берді, кредитті төлеуге жағдай болмай, олардан қайта- қайта ақша сұрадық жалынып та айттық, жағдайды түсіндіріп те айттық. Еш нәтиже болмады. Банктер күнделікті хабарласып, қыспаққа ала бастады. Сол арада ол күйзеліске ұшырап, өз жұмысынан айырылып қалды. 14-ақпан күні түнде келді де, бүгін мен далада ұйықтаймын деді. Мен бос сөз деп ойлап, барсаң бара ғой дедім де мән бермедім. Қыс мезгілі еді. Ол сыртқа жеңіл киіммен шығып, ұзақ жоқ болып кеткендіктен артынан бардым. Бірақ үлгермедім. Банктер тарапынан қысымдар мен сол тығырыққа шыдамай ол асылып қалды, деді үш баланың анасы Аида Мамраева.

Үш кішкентай бүлдіршінін ертіп, барар жері болмағандықтан төркінге оралады. Алайда шаңырақ иесі болып отырған ағасы мен жеңгесі оны құшақ жая қарсы алмаған. Күйеуінің өліміне қарындасын айыптап, қол көтеріп, жиі соққыға жыға бастаған. Амалы таусылған жас ана балаларын алып, бірнеше күн вокзалды паналаған. Кездейсоқ кездескен адамдардың көмегімен дағдарыс орталығы туралы есітіп, сол мемлекеттік мекемеге жайғасқан.

Қазір менің болашағым бұлыңғыр. Себебі тұрақты жұмысым, баспанам жоқ. Төркінім де ағайын-туыстарым да менің қай жерде қандай күйде күнелтіп жатқанымды жақсы біледі. Бірақ ешкім менің жағдайымды сұраған емес. Мен қазақта ағайын-туыстық жанашырлық бар дегенге сенбеймін. Тіпті бір анадан туған жандар да титтей де болса жанашырлық бар деп айта алмаймын, деді кейіпкеріміз.

Қамшының сабындай ғана ғұмырда бұйырғаны қара су болса да, соны қорықпай ішуге, тыныштықта өмір сүруге әркім құқылы. Ұр да жық күйеуінен бөлек, ағайынмен араздасып, бір анадан, бір әкеден тараған бауырларынан қысым көріп, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналып отырған әпке- қарындастар та көбейіп барады.

Арқа сүйер ағалар, адаспаңыздар! Қарындастың көз жасына қалу оңай емес!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары