Бұл ақпаратты Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті тергеу басқармасының басшысы Айтуар Ағыбаев жария етті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Іс-шара кезінде 2021 жылғы жедел-тергеу және алдын алу жұмысының нәтижелерімен таныстырған Антикор өкілдері Тереңкөл аудандық Қызылтаң және Аққулы ауданына қарасты Б. Уахатов атындағы мектеп директорлары бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтты.
«Атап айтқанда, Б. Уахатов атындағы мектеп директорының бұрын адам өлтіргені анықталды. Оқиға 1990-2000-шы жылдары болған. Оның бұл қылмысты күйзеліс үстінде жасағаны анықталып, қылмыстық іс тоқтатылған болатын. Дегенмен, оған оқытушылық қызметпен айналысуға тыйым салынған еді», - дейді Айтуар Ағыбаев.
Бұл факт Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің биыл жүргізген сараптамасының нәтижесінде анықталып, аталмыш екі адам жұмысынан босатылды.
Айта кетейік, биыл Павлодар облысында 30 адам коррупция үшін жауапқа тартылды. Жеті айда 13 адам сотталса, төрт адамға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.