Шығыс Қазақстан облысында ата-анасы ұйықтап жатқанда үш жасар бала терезе жақтауларының арасында қалып қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Кішкентай бала терезенің жақтауына қысылып қалған мысықты құтқарғысы келген. Үй жануарын құрсаудан құтқарып алайда өзі шыға алмай қалған. Бала жақтаулар арасында бір сағаттан аса уақыт тұрған. Осы уақыт ішінде төрт жасар ағасы інісіне көмектескісі келген, бірақ қолынан келмеген. Сол уақытта арам суға мас болып ұйықтап жатқан анасын да оята алмаған.
"Глубоковский аудандық полиция бөліміне тұрғындардан 28 жастағы әйелдің кішкентай балаларына күтім жасамайтынын және оларды жиі қараусыз қалдыратыны жайында қоңырау келіп түсті. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар бірден көрсетілген мекен-жай орнына барды. Оқиға орнына барған заң қызметкерлері терезе жақтауына қыстырылып қалған баласы көмекке зәру уақытта жауапсыз ата-аналарының мас күйінде ұйықтап жатқанына куә болды" ,- деді Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің баспасөз қызметі.
Көп уақыт өтпей-ақ анықталғандай, бүлдіршіндердің анасы кәмелетке толмаған балаларға тиісті түрде тәрбие бермейтін ана ретінде бірнеше жыл тіркеуде тұрған. Отбасы сонымен қатар өзін-өзі қамти алмайтын жанұялардың санатына жатады.
Оқиғадан кейін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар материалдарды жинап, ата-ана құқығынан айыру бойынша шаралар қабылдауда.
Балалар Өскемен қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.