$ 441.66  475.14  4.86

Ақтауда «Мектепке жол» акциясы 800 балаға көмектесті

Жыл сайын өзге өңірлердегі секілді Маңғыстауда да «Мектепке жол» акциясын өткізу дәстүрге айналған. Биыл облыс орталығында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тәрбиелеп жатқан 800 балаға көмек берілді дейді Ақтау қалалық білім басқармасының бас маманы Гауһар Тілеуқұлова.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы Маңғыстау өңірінде осымен сегізінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Басты мақсат – аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке дайындау: киіндіру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету.

- Ақтауда есепте 1200 оқушы тұр. Олар тек жетімдер мен ата-ана қамқорынсыз қалған балалар емес, сондай-ақ, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың да балалары бар. Сол 1200-дің 800-і бүгінде толық мектеп жабдықтарымен, киіммен қамтамасыз етілді. Акцияның өзі болса қазан айының басына дейін жалғасады. Меценаттардың көмегімен балаларды 100 пайызға қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз, - дейді Гауһар Тілеуқұлова.

Акцияға тек меценаттар емес, сонымен қатар, Ақтаудағы жалпы орта білім беру жүйесіндегі мектептер де қатысты. №2 мектептің әлеуметтік қызметкері Самал Молдағалиеваның айтуынша, акция барысында олар өз күштерімен 20 баланы киіндіріпті.

- Акцияға атсалысып, қол ұшын созған барлық демеушілерге алғыс айтамыз. Сонымен қатар, Ақтау қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Қанат Жұмабаевқа да ерекше алғыс білдіреміз, ол жалғыз өзі екі оқушыны бастан-аяқ киіндіріп, мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етті, - дейді Самал Молдағалиева.

Қоғамдық ұйымдар да бұл акциядан шет қалған жоқ. Мәселен, «Школьник» орталығы өздерінің 13 шәкіртіне мектепке қажетті құрал-жабдықтарды сатып әперді. Төрт балаға кеңсе заттарынан бөлек рюкзак берілген.

- Ең алдымен Маңғыстау облыстық ТЖД қызметкерлеріне алғыс айтқымыз келеді. Көмек қолдарын әдеттегідей олар бірінші болып созды. Сонымен қатар, «Жамалай LTD» ЖШС қызметкерлері де қарап қалмай, қаржылай көмек көрсетіп отыр. Бұл ақшаға 8 бала киінді. Сондай-ақ, «Араз» ЖШС-ның директоры Садық Мехтиев те аз қамтылған отбасы балаларына көмектесіп отыр, - дейді «Школьник» орталығының ұстазы Валентина Зайцева.

Айта кетейік, аталған қайырыдылық акциясына «За добрый город» қоғамдық бірлестігі де атсалысып, 16 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтардың бәрін түгел сатып әперді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары