WhatsApp мессенджерінде балаларды мектепке жібермеуді өтінген әйелдің аудиожазбасы тарады. Хабарлама қазақстандық ата-аналардың алаңдаушылығын туғызды.
Әйел мектептерде күзетшінің орнына ОМОН сарбаздары кезекшілік етіп, оқушылар мектеп изоляторына оқшауланатынын, ал мектеп автобустары балаларды белгісіз бағытта эвакуациялайтынын айтқан.
Білім және ғылым министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Stopfake.kz.
"Аудиожазбада айтылған барлық ақпарат шындыққа жанаспайды. Мектептерде тергеу изоляторы кабинеттері болмайды және арнайы жасақ қызметкерлері күзетпейді. Мектеп – балаларға білім беретін мекеме. Балаларға қатысы жоқ басқа мақсаттар қарастырылмайды", - деді ведомство.
Сондай-ақ министрлік автобустар балаларды үйден мектепке және кері қарай тасымалдау үшін ғана пайдаланылатынын атап өтті.
Олар ата-аналардың келісімінсіз басқа мақсаттарда басқа мекемелерге жіберілмейді. Ата-аналардан тек ресми ақпаратқа ғана сенуін сұраймыз, деді білім министрлігі.
Ведомство мұндай көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.