Еліміздің қай өңірінде болмасын аз қамтылған немесе көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатады. Әрине, ол көмектер барлық жанұяны қамтымауы мүмкін. Бірақ, аймақтық, жергілікті әкімдік пен еріктелердің бастамасымен тұрмыстық заттар, киімдер мен азық-түліктер тәрізді күнделікті өмірде сұраныс тудыратын қажеттіліктер аталған отбасыларға жеткізіліп жататын сәттер аз емес. Астана тұрғындарын да осы тәріздес әлеуметтік көмек акциясы күтпеген жерден қуантып тастады.
Аз қамтылған отбасыларға арналған акция
Әлеуметтік көмектер мезгіл мен мекенге қарамай, әр уақытта өткізіліп тұратынын білеміз. Олар кейде еліміздегі айтулы мерекелер немесе даталы күндермен де тұспа-тұс келіп қалып жатады.
Атап айтсақ, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «30 игі іс» акциясы аясында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық балалар мен жасөспірімдер қозғалысының өкілдері мен «Астана жастары» КММ бірлесе отырып, қаланың аз қамтылған және көп балалы отбасыларына азық-түлік себеттерін таратқан болататын.
«Біз әкімдік тарапынан көмек жиі көрсетіліп тұрады. Үнемі ескеріп, қол ұшын созып тұратындарға тек алғысымды білдіремін. Бүгінгі көмек те бізге ерекше әсер етті. Мен барлық еріктілерге, әкімдік өкілдеріне, «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының мүшелері мен олардың демеушілеріне үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Барлық алға қойған мақсаттары мен жасап жатқан игі істеріне тек сәттілік тілеймін!», - деді көпбалалы әке Мамыр Қасымов ағынан жарыла қуанышын жеткізіп тұрып.
Акция алдағы уақытта да ел тұрғындарын қуантпақ
Азық -түлік себеттерін тарату акциясы әлі де жалғасын табады деп жоспарлануда. Ал «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері басқа да қайырымдылық шараларына белсенді түрде атсалыспақ ниетте.
«Бұл акция барысында біз әрқашан Ұлы Отан соғысының және Ауған соғысының ардагерлеріне, қарттар үйі мен балалар үйіне, сонымен қатар пандемия кезінде тынымсыз еңбек еткен әскери дәрігерлерге көмек көрсетеміз. Бүгінде «Жас сарбаз» тәрбиеленушілерінің саны артып келеді және олар көмекке мұқтаж жандарға қол ұшып беріп, қайырымдылық жұмыстарын жасауға үлкен қызығушылық танытып отыр»,-деді «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының астаналық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек. .
Айта кетерлігі, елордада 2021 жыл «Қайырымды істер» ұранымен өтеді. Осы уақыт ішінде көмекке мұқтаж қала тұрғындарына күнделікті тұрмысұа қажетті өнімдері бар 10 мыңнан астам азық-түлік себеттері жеткізілді. Қолдау мен атаулы көмек ондаған мың адамға жетті.
Біз ақпараттық порталымызда осы кезге дейін де аз қамтылған және көп балалы отбасыларға осындай еріктілер мен әкімдіктің көрсеткен әлеуметтік көмектері, әсіресе, таратылған азық-түлік себеттері туралы жазған болатынбыз. Демек, бұл жүйелі түрде жасалатын шара екеніне дау жоқ.