15.10.2021, 09:40

Нигериялық жігітке ұзатылған қазақ қыздың сыңсу әні көпшілікті жылатты (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот
Тойға жиналған қауым көзіне жас алып, ата-анасының көңілі жібіген.

10 қазан күні нигериялық азаматқа тұрмысқа шыққан Құлсары тұрғыны Заида Жаңабаеваның ұзату тойы желіде талқыға түскен болатын. Көп ұзамай Заида ұзату тойындағы сыңсу әнін жария етті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Заида «Теңіз Шевройл» компаниясында аудармашы болып қызмет етеді. Жақында 30 жасқа толған ол өз бақытын тауып, Нигерия азаматымен шаңырақ көтерген болатын.

БАҚ жазуынша, Заиданың күйеуі Атырауда ағылшын тілінен сабақ береді. Заиданың ұзатуда айтқан сыңсуы желіде жарияланды. Роза Әлқожа жазған бұл әннің негізгі орындаушысы – талантты дәстүрлі әнші Айбала Өсиетқызы. Айбала да жақында Атырауға ұзатылып, сол әнді өз тойында орындаған болатын. Көпшілік жылы қабылдаған сыңсу әнді Заида да орындады. Тойға жиналған қауым көзіне жас алып, ата-анасының көңілі жібіген.

Осы орайда, Заиданың даусын ерекше бағалап жатқандар да көп. Әсіресе, сыңсу әннің негізгі орындаушысы Айбала Өсиетқызы Заидаға бақыт тілеп, даусының әдемі екенін жазған.

"Неше күннен бері "Өзге ұлтқа шыққан, қазақ қызы" деген мақаламен бүкіл интернетті шулатқан құлсарылық қыз Заида менің орындаған сыңсуымды өз ұзатуында айтқан екен. Дауысы қандай әдемі. Жастарға тек бақыт тілейік. Басқа ұлт туралы ауыр сөз жазбайықшы, Алланың басына бұйырған бағы ғой", - деп жазды Айбала.

Айта кетелік, Заида мен нигериялық азаматтың тойы желіде қызу талқыланды. Ұзату той толығымен қазақтың салт-дәстүрлеріне сай өткен. Құдалар жағы киіт пен әшекей бұйымдар әкеліп, қыздың құлағына сырға салып, барлық жөн-жоралғыларды ұстанған.