Шығыс Қазақстан облысында жұмыссыз жүрген жастардың саны артып келеді деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.
Бүгінде олар статистика көрсеткен деректерден 4000 адамға артық. Прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, аймақ басшылары өңірдегі жұмыссыз жастардың жағдайынан бейхабар. Бұндағы жұмыспен қамту орталықтарында 29 жасқа дейінгі 1736 жұмыссыз тіркелсе, тергеушілер олардың саны 6028-ге жеткенін анықтаған. Мемлекеттік «Электрондық еңбек биржасы» жобасын жүзеге асырушылардың әрекеті тіпті, сорақы. Прокурорлар жұмыспен қамтылды деген 20 адаммен арнайы тілдескен. Алайда, олардың біреуінің әлі күнге дейін бос жүргені анықтады. Айта кеткен жөн, аталмыш жобаның жүзеге асуына соңғы үш жылда ел қазынасынан 15 млн теңге жұмсалған.
Рүстем Шідердинов, ШҚО прокуратурасы бірінші басқарма басшысы:
- Жауапсыз кәсіпкерлер жастарды жұмыспен қамтыдық деп жалған құжаттарды беру арқылы ақша тауып отырған. Шын мәнінде олар жұмысқа орналастырылмаған.