$ 499.51  525.83  4.62

Қазақстандықтар перзентханаларда баланың туылуына байланысты қызметті алуға 34 мыңнан астам өтініш берген

Бүгінгі таңда бірден төрт қызмет көрсету бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының пилоттық жобасында ҚР бойынша 206 перзентхана мен перинаталдық орталықтар жұмылдырылған. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің ресми сайты хабарлап отыр.

«Оның 19 мыңнан астамы баланың туылуын тіркеуге, 4 мыңнан астамы бала тууға және оның күтімі бойынша жәрдемақы тағайындауға, 1 584 өтініш бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындауға және 9 мыңнан астам өтініш балабақша кезегіне тұруға берілген», - деп мәлімдеді «Азаматтарға арналған үкіметте».

Естеріңізге сала кетсек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қыркүйек айының соңында жаңа пилоттық жобаны іске қосты, соның шеңберінде мемлекеттік корпорация қызметкерлері перзентхана ғимаратында бірден төрт қызмет көрсетуге өтініш қабылдай алады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Медет Құмарғалиевтің айтуынша, қазақстандықтар бұл төрт қызметті алу үшін ата-анасының жеке басын куәландыратын құжатты, неке қию туралы куәлік пен оның көшірмесін (Қазақстан Республикасың аумағында 2008 жылдан кейін некелері тіркелген тұлғалар куәліктің көшірмесін ұсынбайды), туу туралы медициналық куәлікті (перзентханадан беріледі) ұсынулары қажет.

«Сондай-ақ, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш беру үшін барлық балаларының туу туралы куәліктерін немесе туу туралы акт жазбасынан үзінді көшірмені ұсыну қажет, ал бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындау үшін банктік шотының нөмірі туралы құжаты болуы тиіс. Балалары балабақшадан бірінші кезекте орын алуға құқылы ата-аналар оны растайтын құжатты ұсынулары тиіс», - деп атап өтті М. Құмарғалиев.

Оның айтуынша, дайын туу туралы куәлікті ата-аналар құжаттар қабылдаған күнді есептемегенде 2 жұмыс күнінен кейін халыққа қызмет көрсету орталығынан алуларына болады, ал жәрдемақының тағайындалғаны туралы ақпарат клиенттің ұялы телефонына sms-хабарландыру арқылы түсетін болады. 

Сонымен бірге, балабақша кезегін қазақстандықтар egov.kz электронды үкімет порталынан немесе мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріндегі  «Connection Point» өзіне өзі қызмет көрсету орталықтарынан білулеріне болады.

Айта кетерлігі, жаңа пилоттық жоба қызмет алушылардың уақыттарын үнемдеуге бағытталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары