Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйдің 9 қабатынан перзенттерімен қоса секіріп кеткен келіншектің оқиғасынан кейін қоғам белсенділерінің телефонына үздіксіз қоңырау түсіпті. Хабарласушылардың басым бөлігі өмірден шаршағандығын, өлгісі келетіндігін айтқан, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Бұл туралы Алматы қаласы, Алатау ауданындағы "Бақытты отбасы" орталығының жетекшісі Ақмарал Басирова тілшілерімізбен тілдескенде айтты.
"Иә, кешегі қайғылы жағдайдан кейін телефонымызға тыныштық жоқ. Үздіксіз қоңырау шалынуда, WhatsApp мессенджеріне тоқтаусыз хат түсуде. Хабарласушылардың басым бөлігі өмірден шаршаған әйелдер. Ақшаның жоқтығына, отбасылық қысымның күшейгеніне шағымданады. Психологымыз барлығымен әңгімелесіп, кеңесін беруде", — дейді Ақмарал Басирова.
Оның сөзіне сүйенсек, әйелдердің көпшілігі босанғаннан кейін күйзеліске түседі екен. Мұның соңы суицид жасауға итермелейді.
Тоқтаусыз, топырлатып бала туған көпбалалы келіншектер бұрындары тұрмыстық тапшылықтың күйбеңімен азық-түлікке көмек сұрап келетін. Ал қазір олардың психолог көмегіне жиі жүгінетіні байқалуда. Барлығының жүйкесі шаршаған,
—деді Ақмарал Басирова.
Сонымен қатар, әйелдердің материалдық-қаржылық жетіспеушілігіне, баспананың жоқтығы, балалардың қажеттілігі де қатты батады. Күйбең тіршіліктен күйіп кеткен, дейді ол.
"Әлеуметтік жағдайдың төмендігі жандарына қатты батады. Балаларының мектепте, балабақшада түрлі шараларға ақша жинауын алайық. Ата-аналармен қосылғысы келеді, бірақ мүмкіндігі жоқ. Осыдан өзін іштей жейді. Көмек сұрайтындардың 90%-ы жалдамалы пәтерде тұрады. Тіпті кейбірінің күйеуі жоқ. Жалпы айтқанда жағдайдың нашарлығы жазым болуға жақындатады", дейді орталық жетекшісі.
Орталықта осындай отбасыларға барынша қолдау көрсетіледі. Психолог кеңесі, заң тұрғысынан түсіндірме жұмыстары дегендей. Одан бөлек азық-түлікпен қамтамасыз етуге тырысады.
Естеріңізге салайық, бұған дейін үш бірдей кішкентай баласымен 28 жастағы келіншектің 9-шы қабаттан секіріп кеткендігін жазған болатынбыз.
Кейін келінешктің отбасылық жанжалдан осындай әрекетке барғандығы белгілі болды.