16.12.2021, 01:19

Елімізде автосақтандыру құны арзандауы мүмкін

Енді сақтандыру компаниялары жарна мен төлем есептеу кезінде әр облыстағы жол апаты көрсеткішін ескеруі тиіс.

Қазақстанда автосақтандыру құны төмендеуі мүмкін. Жаңалық тек кейбір аймақтарға ғана қатысты. Бүгін қаржы нарығын реттеу агенттігі Мәжіліске икемді тарифтеуге көшуді ұсынды, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Енді сақтандыру компаниялары жарна мен төлем есептеу кезінде әр облыстағы жол апаты көрсеткішін ескеруі тиіс. Жол-көлік апаты аз орын алған жерде сақтандыру құны арзан болмақ. 

"Егер соңғы бес жылдың статистикасын алып қарайтын болсақ, әр өңірде жол-көлік апаттарының саны әртүрлі. Солтүстік Қазақстан облысында 20%, Алматыда 58%, Нұр-Сұлтан қаласында 61%. Егер өңірде апат көрсеткіші аз болса, онда тариф төмен болуы шарт. Біз бұл тетікке көшсек, Қазақстанның көптеген облысында автосақтандыру құны арзандайтын еді. Алматы мен Нұр-Сұлтанда апат көп болғандықтан, тариф құны бұрынғысынша қалады", - дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Жол апатынан ауыр жарақат алмаған көлік жүргізушілерінің де өмірі жеңілдей түседі. Сақтандыру ақшасы жеңілдетілген үлгі бойынша қазіргідей екі айдың ішінде емес, бар болғаны 5 күнде төленеді. 

Жаңа қызмет қазақстандықтарға 2023 жылдан бастап қолжетімді. Агенттік осы жағдайды дұрыстайтын арнайы мобильді қосымша әзірлеуге дайын. Қосымшаның көмегімен тараптар мәселені полиция қызметкерінсіз, сақтандыру агентінсіз және ең бастысы, сот талқылауынсыз шеше алады. Жеңілдетілген қызмет үш шартпен жұмыс істейді. Егер жол апатында екі көлік соғылып қалса, соның салдарынан ешкімнің денсаулығына зиян келмесе, шығын көлемі 100 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.