$ 499.51  525.83  4.62

Мәжілісте жұмыссыздықты қысқарту мәселесі талқыланды

Парламент Мәжілісінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты болып өтті. Оны палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева ашып, жүргізіп отырды.

Халықты жұмыспен қамту мәселесіне «Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағдарламасында ерекше мән берілген. 2016 жылдан бастап «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жаңартылып, жаңа жұмыс орындарын құруға, соның ішінде, әсіресе, ауылдық жерлер мен қызмет көрсету саласында кәсіпкерлік қызметке жағдай жасауға баса көңіл аударыла бастады. Сөйтіп, мемлекеттік қолдау шараларының бағыты үнемі кеңейтіліп келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірнеше жылдың ішінде жұмыспен қамтуды қолдау бойынша толық ауқымды бағдарламалар іске асырылуда, дей келіп, одан әрі Г.Исимбаева «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылуы туралы баяндама жасау үшін сөзді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға берді.

Министрдің айтуына қарағанда, бағдарлама іске асырыла бастаған 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін ол 744 мың адамға қолдау көрсеткен. Бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 6,3%-ға, жалдамалы жұмыскерлер санының 16,6%-ға артқанын көрсетеді. Соның ішінде 2016 жылы 5712 жобаны іске асыру жоспарланыпты. Жобалардың негізгі бөлігі жолдар мен білім беру нысандарын жөндеуге бағытталған. 41 мыңнан астам адамды қамтыған мұндай жобалар өңірлер арасында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында табыспен іске асырылуда. Осы бағытқа бөлінген барлық 81,5 млрд теңге де жылдың аяғына дейін игерілуге тиіс, деді Т.Дүйсенова.

Бағдарламаның екінші бағытының мақсаты – өзін өзі жұмыспен қамтыған­дарға және жұмыссыздарға жеңілдік шартымен шағын несиелер беру болып табылады. 2016 жылы осындай несиелер беруге барлығы 30,8 млрд теңге көзделген екен. Бүгінгі күнге дейін 6834 шағын несие берілген көрінеді. Оның 89%-ы ауыл шаруашылығында пайдалануға жұмсалыпты.

Бағдарламаның үшінші бағыты азаматтарды оқыту арқылы жаңа мамандық алуына жәрдемдесуді, сондай-ақ жұмыс күші артық өңірлерден тапшы аймақтарға мамандарды көшіруді көздейді. 2013 жылдан бастап қолға алынған бұл бағыт бойынша бүгінгі күнге дейін 6621 адам оқуға жіберіліп, соның 4182-сі оқуды аяқтапты. Оқуды аяқтаған адамдардың 90%-ы жұмысқа орналастырылды, деді министр.

Қосымша баяндаманы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Ықсанова жасады. Оның айтуына қарағанда, бағдарлама қолға алынған 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордан осы жұмыс үшін барлығы 483 млрд теңге бөлінген. Алайда, осынша қаражаттың еңбек өнімділігін арттырудағы тиімділігі көзге ұрып тұрған жоқ. Сондықтан біз мәселені толық және жан-жақты қамтыған баға беруіміз керек, дей келіп, ол бағдарламаны іске асыру бойынша біршама сындар айтты. Соның ішінде қай жерге қандай мамандар керектігі анықталмағандығын, сондықтан оларды қанша дайындау керектігі ескерілмейтінін жеткізді.

Бағдарламаны іске асыруға кешенді мониторинг жасау ісі де қолға алынбаған. Интернет жүйесіндегі деректер базасынан қай өңірлерде қандай мамандықтар тапшы екендігін табу қиын. Сонымен қатар, бағдарламаның жұмыспен қамтылуға қаншалықты әсер еткені де еш жерде жоқ. Жұмыспен қамту бірнеше бағдарламаның ішінде қатар жүргендіктен, оны нақты айырып алу да қиын. Сонымен бірге, бағдарламаның іске асырылуына жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы да өзара үйлестірілмеген. Жұмысқа орналастырылғандар мен зейнетақы қорына жарна төлеушілер санының бірдей емес екендігі де айтылды. Мәселен, Қарағанды облысында жұмысқа орналастырылғандардың 40 пайызы зейнетақы қорына жарна төлемейді екен. Сондай жағдайлар басқа облыстарда да бар, деді Г.Ықсанова.

Осындай сындардан кейін сұрақ беру рәсімі басталды. Депутат Геннадий Шиповскихтің сұрағы Алматы қаласы әкімдігінің өкіліне арналды. Ол Алматыда жұмыспен қамтудың кезегіне тұрған 1638 адамның 631-іне ғана жұмыс табылғанын, ал бағдарламаны іске асыруға бөлінген 8,5 млрд теңгенің 1 қарашаға дейінгі мәліметке қарағанда 3,6 млрд теңгесі ғана игерілгенін айта келіп, бөлінген қаражаттың игерілмеуіне қандай себеп болды деп сұрады. Оған Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Тұрақбаев жауап беріп, бағдарламаны орындай алмауға негізінен конкурстардың уақытында өткізілмегендігі себеп болып отырғанын айтты.

Депутат Ирина Унжакова бағдар­ламада зейнетақы жасы алдындағы әйелдер мен жастарды жұмыспен қамту мәселесі арнайы қарастырылған ба деп сұрады. Оған министр бас еркінен айыру орнынан босатылған әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналас­тыру мәселесі арнайы қарастырылғанын, басқа мұндай арнайы бөліктер бағдарламада жоқ екенін жеткізді. Депутат Жексенбай Дүйсебаев ауылдың инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде алыстағы жайылымдарға мал айдауға 2011 жылдан бері бағдарламада қанша қаражат бөлінгенін және оның қаншасы игерілгенін сұрады. Оған Т.Дүйсенова ауыл инфрақұрылымын дамытуға барлығы 37 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Соның 98 пайызы үйлер салуға және инженерлік коммуникацияны салуға жұмсалғанын айтты. Ал алыс жайылымдарға мал айдау бойынша 2011-2012 жылдары 30 млн теңге қанатқақты жоба ретінде Павлодар облысына ғана бөлінгенін көлденең тартты.

Депутат Омархан Өксікбаев бес жылға жуық уақытта осы бағдарлама бойынша жарты триллиондай ақша бөлінгенін, сол қаражат тек 56 мың адамды ғана тұрақты жұмыспен қамтығанын көрсете келіп, қазір елімізде 460 мың адамның жұмыссыз екенін айтты. Сонда бұл бағдарламаның тиімділігі неде деп білесіз деп сұрады ол. Екінші сұрағында «өзін өзі қамтығандар» бізде 2,5 млн адам. Олар немен айналысып жатыр, зейнетақы қорына ақша аудара ма, олардың болашағы не болады деген сұрақтарды мына бағдарлама ескере ме деген сұрақ қойды. Министр «өзін өзі қамтыған» азаматтар біздің қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі деп санайтынын жеткізді. Олардың көбі бізде еш жерде тіркелмеген, деді ол. Ал бірінші сұрақ бойынша айтар болсам, біздің еңбек нарығына жыл сайын 200-250 мың жаңа азамат енеді. Бүгінгі күні біздегі экономикалық белсенді азаматтар саны 9 млн адамға жетіп отыр. Соған қарамай, біз жұмыссыздық санын 450 мың адам деңгейінде ұстап келе жатырмыз. Бұл біздің еңбегіміздің, жасалған бағдарламалардың тиімділігі деп ойлаймын, деді министр.

Бұдан кейін де көптеген сұрақтар берілді. Үкімет сағатын қорытқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева өзінің сөзінде: «Бағдарламаны іске асыру тетіктерін жетілдіру, амал-құралдарды кеңейту, әр бағыт бойынша қатысушылардың нысаналы топтарын айқындау қажет. Бағдарламаны іске асыруға қатысты прагматикалық көзқарасты тұжырымдау, шығыстарды тиімді жоспарлау және қаражатты ашық түрде игеру өзекті мәселенің бірі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға жауапты уәкілетті орган, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы билік депутаттар айтқан ұсыныстарды дұрыс қабылдап, қажетті қорытынды жасайды және тиісті шаралар қолданады деп үміттенеміз», деді.

Үкімет сағаты бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды.

Жақсыбай САМРАТ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары