Сәрсенбаевтар отбасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданында тұрады. Үйінде үлкен қуаныш. Той-думан. Перзенті Азамат үйленіп, өз алдына бөлек отау тікті. Алайда олар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келген қуанышын тағдыр тауқыметін тартқандармен бөлісті. Қамкөңіл жандарға дастархан жайып, сый-құрмет көрсетті.
Азамат пен Салтанат ата-ананың ақ батасымен шаңырақ көтерді. Отағасы атына заты сай, азаматтығын танытты. Азамат өзі құралпы құрдастары сынды қымбат көлік жалдап, серуенге шыққан жоқ. Қырауар қаржы ысырап етіп, мейрамханаға да барған жоқ. Той болар күні сейіл-серуен жасаудың орнына, аудандағы 25 мүмкіндігі шектеулі жанды жандарына жиып, қайырымдылық жасады. «Мақтану үшін емес, осы күнге жеткенімізге шүкірлік айту үшін осындай қадамға бардық. Айтулы датада шаңырақ көтеріп отырған соң жақсылыққа бастадық»,-дейді Азамат Сәрсенбаев. Бұған келіншегі де бірден келіскен.
Салтанат Тастанбек – жас келін:
- Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Алла берген ризықты босқа шашпай-төкпей, игі іс жасағанды жөн санады жұбайым. Сондықтан, қолдадым. Қарсы келу ойымда да болмады.
Осылайша, бозбала жасаған той, жарлы-жақыбайды жарылқаудан басталды. Ілкімді іске Азаматтың ата-аналары да қолдау білдірген.
Нұрпиза Айтенова - Азаматтың анасы:
- Балаларым жақсылық жасауға ұмтылып тұрғанда, неге жолдарын бөгеуім керек. Мақтанып, туған-туыс, өзгелермен бәсекелесіп той жасағаннан, қайырымды іс бастау қиын. Несібелері одан кеміген жоқ. Ризашылық алды. Сондықтан, мұны үлгі іс деп білем.
«Айдынды жақсы аймен, жомарт жігіт баймен тең»,-деген осы. Қамкөңіл жандармен бөліскен қуаныш ерекше болды. «Бұл да қайырымдылықтың бір түрі», - дейді көздеріне жас алған жарымжандардың жақын-жуығы. Жас отау иелеріне баянды бақыт тілеген балалар өз өнерлерін ортаға салды. Ән айтты, би биледі.