$ 498.34  519.72  4.85

Түркістанда мұғалімдер төбелескен балалардың сабақ үлгерімі жайлы айтты

Түркістанда шенеуніктер мен педагогтар мектеп оқушыларының төбелесінен шыққан даудың себебін анықтауға кірісті. Мұнда мәселе өзінен біршама жас кіші оқушыларды ұрып-соққан жоғары сынып оқушыларының желіде тарап кеткен видеосы сөз болып отыр. 23 қаңтарда қала мектептерінің бірінде облыс орталығындағы білім басқармасының басшысы, директорлар, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жиналды деп жазады Tengrinews.kz.

Елді дүр сілкіндірген оқиғадан кейін жергілікті педагогтар оқиғаның қалай болғанын және ең бастысы мұның қайталанбауы үшін не істеу керектігін ойластырып жатыр.

«Мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және сынып жетекшілері мен балалардың арасында мұндай жағдай қайталанбауы үшін жиын өткізіп жатырмыз», - деп хабарлады қалалық білім басқармасының басшысы Ақмарал Батырбекова.

Ол әріптестерінің жиналып, жағдайды түсіну үшін және тәжірибе алмасу үшін кеңес құрып жатқанын айтты. 

«Бұл қақтығыс сабақ кезінде болмаған, сабақтан шыққаннан кейін, кешкі уақытта болған, енді біз оқушыларды сабақтан кейінгі уақытта немен айналысуға болатынын ойланып жатырмыз. Балалар мұндай уақытта әлденемен айналысса дейміз. Олардың бос уақытында қосымша сабақ өткізу керек сияқты. Балалардың уақытын қосымша үйірмелермен, секциялармен, жарыстармен толықтырсақ, мұндай жағдай қайталанбайды деп ойлаймыз», - деп пікір білдірді Батырбекова.

«Бұған дейін мұндай жағдай болмаған. Төбелес те, ештеңе де болмады. Жасөспірімдердің арасындағы бұл жағдай бір-бірін дұрыс түсінбегенінен болды деп ойлаймыз», - дейді ол. 

Қалалық білім басқармасының басшысы видеода көрінетін тоғызыншы сыныптың жеті оқушысының әлеуметтік жағдайын да айтты. 

«Бұл балалар толық отбасыдан, жақсы, орташа жанұядан шыққан. Жоқшылықты көрмей өсті. Қарапайым оқушылар, ешқашан сабаққа кешікпеген, қалып қоймаған. Түрлі олимпиадаларға, байқауларға, қоғамдық шараларға қатысқан», - деді ол. 

Батырбекованың сөзінше, қазіргі уақытта оқиға зерделеніп, зерттеліп жатыр. Тергеу жүріп жатыр, арнайы комиссия құрылып, оның құрамына педагогтар мен психологтар кірген. 

«Өзге мектептерге де барып, бұл жағдайдың қандай себеппен болғанын анықтап, әңгімелеп жатырмыз, мұның бәрі осындай оқиғалардың алдын алу үшін жасалады», - дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары