Бүгінгі сөз 20.05.2016 сағат 16:23

Шымкент әкімі жол ережесін бұзатын жастарды малға теңеді

Бүгін жол қозғалысының қауіпсіздігі жайында шұғыл жиын өткізген Шымкент қаласының әкімі Ғабидола Әбдірахымов «жүгенсіз» жас жүргізушілерді малға теңеді. Бұл жайында Otyrar.kz хабарлап отыр.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

«Егер балаларымыз жолда өліп жатса, біз мұнда не істеп отырмыз?!» деді қала әкімі жиынға қатысқан ішкі істер органдары өкілдері мен педагогтарға. Ол Шымкентте жол қозғалысының қауіпсіздігі үшін ешқандай жағдайлардың жасалмағанын ашына айтты.

«Неге біз қоғамдық көліктің жұмысын оң жолға қоя алмай келеміз, неге мектепті оқушыларды тасымалдайтын автобустармен қамтамасыз етпейміз, неге біздің бағдаршамдар жұмыс істемейді, неге біздің жолдарда көру мүмкіндігіне кедергі келтіретін дүңгіршектер тұрады?» деген әкімнің сұрақтарына құзырлы орган қызметкерлері тек үнсіздікпен жауап берді.

«2015 жылдың 4 айында біздің жолдарда 440 жол көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 16 адам қаза тапқан, олардың 10-ы балалар. Түрлі дене жарақаттарын 556 адам алған. 2016 жылдың 4 айында 321 апат орын алып, 386 адам жарақат алды. Қайтыс болғандар саны - 22, олардың 12-сі балалар», - дейді Әбдірахымов.

«Жол көлік оқиғасының екі себебі бар деп ойлаймын. Біріншісі - көлікті айдау мәдениеті. Біздің кейбір жүргізушілер жолда өздерінен басқа ешкім жоқтай көлік айдайды. Бүгін мен ауруханадан келе жатқанда алдымыздан жоғары жылдамдықпен Тойота Камри көлігі өтті. Оны полицей тоқтата алған жоқ. Артынан қуамын деп жүргенінде шаң қаптырып кетті. Мен жүргізушіме әлгі көліктің соңына түсуге тапсырдым. Үйіне дейін қуып бардық, өзі түсіп тығылып қалды. Бірақ, ол міндетті түрде жазасын алатын болады. Осылайша жол ережесін бұзып айдайтындар өздерін мал секілді ұстайды, бұлардың көбі жастар» деп атап өтті Шымкент әкімі аталған жиын барысында.

Оның айтуынша, жол апатын тудыратын екінші себеп - жолдардың тым сапасыздығы. Ол сондай-ақ, кеше тоғыз адамды көлігімен қағып кеткен 19 жастағы бозбаланың қатаң жазалануын полицейлерге тапсырды.
«Күдікті - Бақтыбек Айдос ең қатаң жазаны алуы тиіс» деп сөзін түйді Ғабидолла Әбдірахымов.

Айта кетейік, осы жиын барысында оқушыларға жол қауіпсіздігі жұмыстарын тиісті дәрежеде жүргізбегені үшін Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар