$ 494.87  520.65  4.91

«Әр бала – бір әлем...» - әдіскер

Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеп отырғанымызды әсте ұмытпауымыз керек.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Баланың тәрбиесі мен білімі туралы сөз қозғалғанда балабақшаның атқаратын қызметі мен алатын орны назардан тыс қалып жатады. Осы орайда баланың іргетасын қалауда орасан еңбек ететін балабақша тәрбиешілерін атап өту маңызды. Мәселен, Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы «№12 Інжугүл» бөбекжай-балабақшасының әдіскері Садыкова Кулан Казбаевна осы жолда қырық жылға жуық тер төгіп келеді. Осынша еңбек өтілі бар өз ісінің нағыз маманы Күлан Казбаевнаның балабақша жұмысы туралы айтары өте көп.

«Менің жалпы педагогикалық өтілімім – 37 жыл. Оның ішінде 17 жыл тәрбиеші қызметін атқарсам, 20 жылдан бері әдіскер ретінде еңбек етіп келемін».

37 жыл жұмыс орнын ауыстырмай, бір салада қызмет ету көптің қолынан келе бермейді. Тұрақтылықты ту еткен кейіпкеріміздің сөзінше, бұл қызметтің қиындығы мен қызығы қашан да бірге жүреді.

«Ұстаздық жол – қызығы мен қиындығы қатар жүректін ерекше жол. Осынау қасиетті жолмен білім әлемінің тылсымына бойлай отырып, бала жүрегіне жол табу, ақ парақтай таза періштелермен жұмыс істеу тәрбиеші үшін үлкен бақыт, әрі құрмет. Әр бала – бір әлем... әрбір бала балалық шақта сондай сұлу, сондай нәзік, сондай таза, жаны жақсылыққа құмар, арманшыл болып келеді. Тәрбиеші мамандығының қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс-бұлтарысы көп кезеңдерге даярлап, қанаты қайрылмайтындай демеп жіберіп, олардың қауіпсіздігі мен өміріне, денсаулығына өз балаларынан артық уайымдау. Жасыратыны жоқ біздің мамандықты таңдаған жандардың ішінде кәсібіне көңілі толмай қиын тұстарын тізіп отыратындар баршылық, бірақ мамандығын өзгертетіндер сирек... Оның себебін сүйкімді бүлдіршіндердің киелі ортасы нәзік жіппен өзіне байлап тұрады деп түсіндірер едім».

Кез келген қызметтің көп біле бермейтін көрінбес қиын тұстары бар. Балабақша жұмысында не нәрсе қиындық келтіреді деген сұраққа төмендегідей жауап алдық.

«Жұмысымыздың көпке көріне бермейтін жағы ол – құжаттармен жұмыс. Құрылатын айлық, жылдық жоспар. Жыл бойы балабақшада баламен, ата-анамен, педкадрмен, мектеппен сабақтастық, педкадрлардың мерзімінде біліктілігін арттыру бойынша курстан өтуі, біліктілік санаттарын көтеруі сынды жұмыстар жоспары құрылады. Одан бөлек тәрбиешілердің балабақшада өткізілетін іс-шараларға, ұйымдастыратын іс-әрекеттеріне жан-жақты дайындығы тағы бар». 

Cөз соңында Күлан Казбаевна бұл жолды таңдаймын деушілерге көп жылдық еңбек тәжірибесінен түйген ақыл-кеңесімен бөлісті.

«Әр кәсіптің өз жемісі бар. Біздің жемісіміз – алдымыздағы тәрбиеленуші бүлдіршіндер. Біріншіден, мейірбан адам болып, тіл алғышты да, жалқауды да, ақылдыны да бірдей сүйе білу керек. Екіншіден, баланың көңіл-құбылысы мен жүрек қалауына мән беру. Үшіншіден, еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеп отырғанымызды әсте ұмытпауымыз керек. Балаға мейірімді болу, бірақ өз бетімен жібермеу, балаға білім беру, бірақ тәрбиені ұмытпау өте маңызды».

Одан бөлек Күлан Казбаевнаның жоғарыда аталған еңбектері елеусіз қалмай, ескеріліп жүргеніне де көз жеткіздік. Басқа да мақтауларды есептеменде, соңғы үш жылда республика деңгейінде алған марапаттары төмендегідей:
•    Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің атынан «Білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жоғары жетістіктері мен кәсіби шеберлігі үшін» Алғыс хат – 2019ж, 2021ж.
•    Қазақстан Республикасы Оқу-Ағарту министрлігінің білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы атынан «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» Алғыс хат – 2023ж. 

 

Мұндай маман иелері лайықты деңгейде еленіп, еңбек жолдары дәріптелуі керек. Осы орайда елімізде  1 қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы өсетінін атап өткен жөн. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында жүзеге асырылатын педагогтердің жалақысын жыл сайын арттыру оң нәтиже беріп келеді. Министрліктің мектепке дейінгі білім департаменті балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 2020 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін жыл сайын 25%-ға өскенін және енді 1 қыркүйектен бастап тағы 30%-ға көтерілетінін хабарлады. Осылайша еліміздегі 97 мыңнан астам педагогтің еңбекақысы 2,5 есеге артпақ. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары