1879 жылы алғашқы қазақ оқулығы «Қазақ хрестоматиясы» кириллица негізінде жасалған әліпбимен жарық көреді.
Ыбырай Алтынсарин алғашқы ұлттық мектептің тұңғыш оқулығын өзі жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ең алғашқы ұлттық мектептің ұлттық оқулығы һәм Алтынсарин мұрасының жұмбағы
1861 жылы Алтынсарин Орынбордан Торғай бекінісіне қазақ балаларын оқытуға жіберілуі тиіс еді. Алайда ресей империясы қазақ балаларын оқытуға асықпайды. Мектеп 1864 жылы ашылады. Керек қаржының басым бөлігін жергілікті зиялы қазақтар жинап береді. – Январьдың 8-і күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды,- деп жазады Алтынсарин Ильминскийге хатында.
Одан соң, Ыбырай алғашқы ұлттық мектептің алғашқы оқулығын жазуға кіріседі. Себебі, татар молдаларының шұбар тілінен шаршаған қазақ баласы алғаш рет өзінің ана тілінде жазылған кітапты қолына алуы тиіс еді. Мәселенің бірі – оның қандай алфавитпен жазылатынында. – Молдалар ұсынатын татар, араб, пасы кітаптарының бәрі адамның санасын улап, тек топастандыра түседі. Ал, қазақтарға әрбір адам баласындай оқу барысында ойландыратын, білімге жетелейтін өз тілінде ұғымды етіп жазылған кітаптар қажет. Алтынсариннің Ильминсике жазған хаты, 1862 ж”.
Алтынсарин орыс алфавитіне қарсылық білдіріп көреді. Бірақ, Ильминскийдің беделі басым болғандықтан, амалсыз көнеді. Сөйтіп, 1879 жылы алғашқы қазақ оқулығы «Қазақ хрестоматиясы» кириллица негізінде жасалған әліпбимен жарық көреді. Дархан Әбдіктің айтуынша, Алтынсариннің қазақ балаларына жазған әңгімелер мен өлеңдеріндегі үні шынайы мейірімге, мәрттікке толы. Ал, керісінше, орыс басшыларына жазған хаттарында ол әсіре ілтипатшыл, жасанды сыпайы. Алтынсарин мұрасындағы ең үлкен жұмбақ та осы-мыс.
Назым Сапар
(Материал Дархан Әбдіктің «Ұстаз» атты деректі фильмі негізінде дайындалды)