11.08.2014, 04:00

Биылғы жылы медресе шаңырағында орыс тілді топтар ашылуда

Сурет: muslim.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан өңірлерде ашылып жатқан медресе, діни оқу орындары қал-қадерінше халыққа қызмет етіп, болашақ имамдарды даярлау ісін үздіксіз жүргізіп келеді, деп хабаралайды muslim.kz.

Бұған қоса Түркияның «Хасеки» имамдардың білімін жетілдіру институтымен үлкен келісімшартқа қол жеткізіп, бүгінде онда Қазақстаннан барған дін мамандарының алғашқы легі білім алуда. Ал, Мысырдағы тамыры терең «әл-Әзһар» университетінде жыл сайын еліміздің үздік түлектері ілім алуға аттануда. Бүгінде онда білімін шыңдаған алғашқы буын Қазақ елінің руханиятына өзіндік үлесін қосып, қызмет етуде.

Бүгін дін ілімінің алғашқы шаңырағы — елордамыздағы «Астана» медресесінде жаңа оқу жылына шәкірттерді қабылдау емтиханы өткізілді. Мәні терең емтиханда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов, Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев бастаған білімі терең ұстаздар шәкірттердің білім деңгейін шарықтап, деңгейлерін анықтады. Шәкірттермен сұхбат жүргізіп, түрлі сауалдар қойды. Бұған қоса қазақ тілі және Қазақстан тарихы пәндері бойынша ЖОО арнайы оқытушы-профессорларының қатысуымен тест те жүргізілді.

Бүгінде дінге бет бұрып, құбыласын тани бастаған жастарымыздың кейбірі теріс пиғылды ағымдардың шырмауығына ілігіп қалып жатады. Жаңылысқан жастарымыздың басым бөлігі орыс тілді жеткіншектер екенін бүгінде көз көріп, құлақ естіп жүр. Осы жайды жөнге салу мақсатында биыл ҚМДБ тарапынан орыс тілді уағыз-насихатты жандандыру мақсатында тың жобалар әзірленген болатын. Республикалық, жергілікті қазақ және орыс тілді Ақпараттық-насихат топтары құрылып, өңірлерде дін насихатын жүргізді. Биылғы медресе шаңырағында орыс тілді топтар да осы мақсатта ашылып, бүгінгі өткен қабылдау емтиханында жалпы саны 52 шәкірт бақтарын сынап, 47-сі медресе шәкірті атанды. Оның 34-і қазақ тобына түссе, 13 бала орыс тобында үш жыл ілім игеруге мүмкіндік алды.