$ 494.87  520.65  4.91

Алматыдағы Спорт академиясының 217 гранты ұшты-күйлі жоқ

Бүгін Алматыда Спорт және туризм академиясының алдында жасы 20-ға толмаған 300-ге жуық спортшы жастар наразылыққа шықты. Арасында бірнеше дүркін әлем чемпиондары да бар, деп хабарлайды 31 арна.

Айтуларынша, спорт мамандығына бөлінген 517 гранттың қорытындысы газетке жарияланғанда аяқ-астынан 300-ге қысқарып қалған. Жоғарғы оқу орнына түсем деген арманынан біржола қол үзген чемпиондар Білім министрлігінен 217 гранттың қайда кеткенін түсіндіріп беруді талап етіп отыр. Сондай-ақ, грант бөлу туралы комиссия шешімін қайта қарамаса, әлемдік додаларға қатысудан жаппай бас тартатындарын ескертті.

Спорт және Туризм академиясының алды таң атпастан ығы-жығы адам. Түлектердің бұлайша шу шығаруына дәл газеттің қорытындысы шығатын кезде грант санының тең жарымға қысқарып қалуы себеп болған.

— Дене тәрбиешісі болып ауылға барғым келмейді. Менің жоғары оқу орнында білім алғым келеді. Қаншама бала, аналар шырылдап жүр. Бәрі далада қалып отыр ғой, — дейді талапкер Бауыржан Бегелдинов.

217 гранттың қайда кеткенін әзірге ешкім білмейді. Бір таңқаларлығы, жоғарғы оқу орнына түсем деген арманынан қол үзгендердің дерлігі ҰБТ-дан кемінде 90 балдан жоғары алғандар. Ал, ресми тізімде 57 балмен-ақ бағы жанғандардың есімі өріп жүр.

— Газеттерді оқып отырсаң, балдары төмен, спортқа қатысы жоқ адамдар жүр де, мектептен бері, спорт колледжінен бері спорт деп, жарыстарға қатысып қазақтың атын шығарып жүрген біз далада қалайын деп тұрмыз, —дейді талапкер Еламан Кемелбек.

Бокстан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Тұйғын Хасен әлем чемпионатына барудан бас тартатынын айтып отыр. Айтуынша, ешқандай қолдау жоқ, «грантта оқисың» деген бекер сөз.

Спорт және туризм академиясының проректоры Мұхтар Жайғали да гранттардың неге қысқарып қалғанын білмейтінін мәлімдеді.

— Бұны бізде білмейміз. Өз тарапымыздан әрине білім және ғылым министрлігіне, тікелей министрдің атына, үкімет басшысының атына арнайы хат жолдадық, — дейді ол.

Ал, оқу орнының басшылығы білім және ғылым министрлігіне хат жолдағанымен, Астанадан әлі жауап келмеген. Сондықтан, грант бөлу туралы комиссия шешімін қайта қарауды талап еткен түлекетер мен ата-аналар қазірден қол жинауға кірісті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары