Бүгін видео жарияланады. Неліктен бірден жарияламадық?
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» грантына үміткер болған Жасұлан Темірбаев есімді азаматтың әлеуметтік желідегі мәлімдемесіне пікір білдірді, деп Skifnews.kz ақпарат порталы inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған азамат әлеуметтік желіде «Болашақ» бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысқан кезде комиссия мүшелері оның орыс тілін жақсы білмегендіктен кандидатурасын қабылдамағанын мәлімдеген.
«Бұл мәлімет ақиқатқа сай емес. Себебі бізде конкурстық процедуралар екі сатымен өтеді. Бірінші сатыда тест тапсырады. Екінші сатыда тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен сұхбат жүргізіледі. Бірнеше жылдан бері бүкіл сұхбаттар видеоға жазылады. Біз осы мәселені бірден қолға алдық. Видеоны қарағанда ондай сұрақтар қойылған жоқ. Бүгін видео жарияланады. Неліктен бірден жарияламадық? Сарапшылардан біз рұқсат алуымыз керек еді. Ресми түрде! Себебі олардың да құқығы ескерілуі керек», — деді ол.
Министр шағым иесінің сұхбатын арнайы көріп шыққанын айтты.
«Өкінішке қарай, біздің қоғамда хайп көп. Мейлінше, комиссия, конкурстық процедуралар басқа жерде де біз максималды түрде цифрлық форматқа және видеожазба ретінде жүргізіп жатырмыз. Ғылым саласында да видеотіркеуге жатады», — деді ол.