Бас бухгалтер 8 жылға сотталды.
Жетісу облысында білім бөлімінің бухгалтерлері қызметкерлердің шотына белгіленген жалақыдан артық аудару арқылы 1,6 миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырған. Бас бухгалтер 8 жылға сотталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, бір топ қызметкерлер лауазымдарын пайдаланып ақша жымқыру үшін түрлі тәсіл қолданған.
“Құрманғалиева, Қалабаева, Мұратова және Такен білім бөлімі қызметкерлерінің шоттарына белгіленген жалақыдан артық аудару жолымен 1,6 миллиард теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Балғабаева, Қалабаева балабақшада аудит жүргізбеу сылтауымен олардың ақшалай қаражатын иемденген Жапабаевқа пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.
Талдықорған қалалық соты "Сарқан ауданы бойынша білім бөлімі" ММ бас бухгалтері К.Құрманғалиеваға, сол бөлімнің бухгалтерлері А.Мұратова мен А.Қалабаеваға, "Қазпошта" АҚ аудандық учаскесінің бастығы А.Такенге, "Айдана" бөбекжай-бақшасы меңгерушісінің м.а. Н.Балғабаеваға және Жетісу облысы ІМАБ камералдық бақылау бөлімінің басшысы У.Жапабаевқа қатысты үкім шығарды”, – делінген хабарламада.
Сот үкімімен Құрманғалиеваға 8 жыл, Қалабаева, Мұратова және Такенге 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
“Балғабаева мен Жапабаевқа тиісінше 1,2 миллион теңге және 1 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде өмір бойы қызмет атқару құқығынан айырылды”, – делінген хабарламада.