27.05.2025, 23:30

Жаңаөзенде бір минутта 5 000 сөз оқитын оқушы көпті таңқалдырды (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Мұндай нәтиже жылдам оқу техникасын меңгерудің арқасында мүмкін болған.

Жаңаөзен қаласының оқушысы Әйгерім Бақыт ерекше қабілетімен ел назарын аударды. Ерекше оқушы жайында «Қазақстан» телеарнасы арнайы сюжет әзірлеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол бір минутта 5 мың сөз оқи алады және бір кітапты небәрі жарты сағатта аяқтайды. Мұндай нәтиже жылдам оқу техникасын меңгерудің арқасында мүмкін болған. Қабілеті алғаш рет 4-сыныпта байқалған Әйгерім сол кезде минутына 700-800 сөз оқыған. Уақыт өте келе түрлі жаттығулар мен әдістер арқылы бұл көрсеткішті бірнеше есе арттырған. Бүгінде ол іштей оқып, мәтіннің мазмұнын толық түсініп, айтып бере алады.

Қазіргі уақытта 100-ден астам кітапты оқып үлгерген дарынды оқушы ағылшын тіліндегі әдебиеттерге ерекше мән беріп жүр. Дәрігерлердің айтуынша, жылдам оқу техникасы көздің көру қабілетіне де оң әсер етеді.

Білім министрлігінің мәліметінше, Әйгерімге тең келетін оқушы әзірге елімізде жоқ. Айта кетейік, әлемдік рекорд – бір минутта 163 333 сөз оқыған 16 жастағы украиналық қызға тиесілі.