Мемлекет тарапынан мектеп формасын алуға қолдау қарастырылған.
Жыл сайын бір оқушыны мектепке дайындау үшін ата-аналар біршама шығындалады. Статистика бойынша, ТМД елдері арасында ең қымбат мектеп формасы Қазақстанда екені анықталды (71 429 теңге). Ал ең арзан мектеп формасы Әзербайжанда тіркелген. Орта есеппен шығын – 10 989 теңге. Кейбір мектеп формасын міндеттеген елдер оның бағасын төмендету саясатын ұсынады. Біздің елге де осындай бастама қажет пе? Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жауап берді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет тарапынан мектеп формасын алуға қолдау қарастырылған. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету үшін «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы арнайы механизм жұмыс істейді.
Бұрын мектеп формасын немесе киімді әкімдіктер белгілі бір сомаға сатып алатын. Алайда бұл тәсілдің бірқатар кемшілігі болды: көбіне бірдей фасон мен біртүсті киім тігіліп, сапасы төмен әрі өлшемі сәйкес келмей жататын. Балалар ондай киімді кигенде қысылып, оның бюджет есебінен алынғаны бірден байқалатын.
Сондықтан 2021 жылы біз бұл механизмді өзгерттік: көмекті монетизацияладық. Енді ата-аналарға қаражат картаға аударылады да, олар баласына не, қайдан сатып алу керегін өздері шешеді. Бұл – ыңғайлы әрі дұрыс тәсіл: сапасы мен бағасын салыстырып, шынымен қажет затты таңдауға мүмкіндік бар. Қазір мектепке дайындыққа кететін шығын айтарлықтай көбейгендіктен, сол кезден бері қолдау сомасы да өсті деп сенемін. Ең бастысы – көмекті тікелей ата-анаға беретін осы қағида сақталған.