$ 446.49  475.38  4.79

Алматыда «Жаһандану кезеңіндегі мәдениеттер үндесуі» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде профессор, филология ғылымдарының докторы Князь Ибрагимұлы Мирзоевтің 70 жылдығына арналған «Жаһандану кезеңіндегі мәдениеттер үндесуі» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Князь Ибрагимұлы – әдебиеттану ғылымындағы қөрнекті қайраткер-ғалым. «Құрмет» орденінің иегері. Ол жарты ғасыр өмірін білім мен ғылым, мәдениет пен әдебиет саласына еңбек етуге арнады. Қайраткер-ғалым Қазақ­стан халқы Ассамблеясын құруға атсалысты әрі президент Н.Ә.Назарбаевтың елшілік, халық­аралық саясаты­ның жүзеге асуына үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, ұзақ жылдардан бері ҚР «Барбанг» күрдтер ассоциациясын басқарады. Қазақстандағы күрдтанушылар мектебінің негізін қалаушы.

Жиынға Қазақстаннан бөлек Ресей, Түркия, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан және Германия, Швеция мен өзге де елдерден келген ғалымдар мен қоғамдық қайраткерлер қатысты. Олар Қазақстанның мәдени орталық ретіндегі маңызын атап өтті. Конференцияда ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың саясатын қолдаудан бастап ұлтаралық татулықты сақтау, толеранттылықты дамыту, бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы жетістіктер мен күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жайлы айтылды.

«Бүгін біз шығыстанушы ғалым Князь Ибрагимұлы 70 жылдығына жиналдық. Басқосуға шетелден де ғалымдар келіп, конференция халықаралық деңгейде өтті. Көптілді білім беру мәселесі, ұлт бірлігін нығайту, оқу жүйесін жақсарту секілді маңызды мәселелер талқыға салынды. Күрд пен қазақ әдебиетінің, мәдениетінің бүгінгі жай-күйі қозғалды», - дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология және көптілді білім беру институты директоры, бүгінгі шараның ұйымдастырушы Балтабай Әбдіғазиұлы.

Ал ғалым Князь Мирзоев қазақ еліне, өзі отыз жылдан бері қызмет етіп жүрген университет ұжымына алғысын білдірді. Сонымен қатар, ҚХА, «Нұр Отан» партиясы, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі аттарынан ғалымды мерейтойымен құттықтау хаттары оқылды.

Г.Сатыбалдықызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары