$ 443.85  474.3  4.8

Алматылық вундеркинд 12 жасында мектепті тәмамдады

Алматылық вундеркинд Абзал Мырзаш небәрі 12 жасында мектепті тәмамдап, ұлттық біріңғай тестін тапсырды. Қатарынан оза шапқан жеткіншек осынау сынақтан 117 балл жинапты. Енді ол еліміздегі жоғары оқу орындарының біріне грантқа түспек ниетте.

Арманы асқақ Абзалдың бойындағы ерекше дарыны кішкентай кезінде байқалған көрінеді. Қатарластарынан асып түскен ақылды бала мектептің оқу бағдарламасын уақытынан бұрын меңгеріп шыққан. Ұстаздары оның әрбір жетістігін кеше болғандай етіп баяндап бере алады. Бұған дейін тек мектебі мен ата-анасының мақтанышы болып келген жас дарынды енді бүкіл ел танып отыр. Тіпті, ҰБТ тапсырмай жатып-ақ, отандық кейбір ЖОО-лар оған өз гранттарын ұсынып үлгерген. Дегенмен, университет таңдауды Абзал енді шешеді.

 «Негізі бала 2 жасында анық әріптерді танып білді. Баланың есте сақтау қабылетінің жоғары екенін көліктердің маркаларын ажырата білуінен, соны есте сақтай білуінен аңғардым. Содан біз қызықтап баланың күннен күнге белгілі бір әріптерді жазуы, сурет салуын қызықтап балаға түсіндіре бастадық», - дейді Абзал Мырзаштың әкесі Дәуренбек НЫСАНОВ.  

2 жасында әріптерді буын-буынға оқыған Абзал 3 жасында бір таңбалы сандардың ойша қосып-алуды меңгеріп, тіпті көбейту кестесін де жаттап алады. 5 жасында ертегі мен газет-журналдарды еркін оқыған оны ата-анасы мектепке беруді ұйғарған. Озат оқушы атанған дарынды оқушыны мұғалімдері бірден 5-сыныпқа көшірген екен.

«Алып келген оқулықтарды бұл бір аптаның ішінде оқып тастады да, маған ары қарай 4 сынып қызық емес деді. Сынып жетекшісі де оны аңғарып, пәндердің бәрін игеріп қойғандығын байқап, баланы секірткенімізді жөн көрді. Педагогикалық кеңес құрылып, баладан емтихан алып 5-ші сыныпқа көшірген еді», - дейді Дәуренбек НЫСАНОВ.  

Абзалдың өз жасынан ерте мектепті бітіруіне өзінің білуге, жаңалықты тануға деген құштарлығы, қызығушылығы жетелепті. Тіпті, тереңдетіп оқытатын қосымша сабақтарға да бармаған. Оған сонша білімді ерте игеру қиынға түспепті. Қазір ол физика-математикалық бағытты таңдап, осы сала бойынша ғалым болуды армандайды.

«Негізі өзім кішкентай кезімнен әкеме еліктеп дәрігер болуды армандаған едім. Бірақ 9 сыныпқа келгенде өзімнің ойымды өзгеріттім. Ғаламтордан біраз мамандықтарды іздеп, ІТ яғни, ақпараттық технологиялар туралы біраз мәліметтер таптым. ЖОО түскен соң осы мамандықты енді тереңірек оқып, үлкен маман болғым келеді», - дейді талапкер вундеркинд Абзал МЫРЗАШ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары