$ 447.4  477.55  4.76

ЮНЕСКО Клубтарының II шығармашылық Академиясы үздіктерді анықтады

Алматыда 18-28 маусым аралығында «Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО Клубтары II шығармашылық Академиясының» финалы өткен болатын. Ауқымды шараға еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан келген 12-17 жас аралығындағы 1000-ға жуық өнерпаз жас қатысты. Ал 27 маусым күні жасөспірімдердің Гала концерті мен бейнелеу өнері бөлімі студенттерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Жобаның мақсаты дарынды жастарға қолдау көрсету десек, ол міндет толығымен орындалды. Іріктеуден өткен үздік 100 студент Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстаздарынан вокалдық, аспаптық, бейнелеу және би өнерлері бойынша он күндік сабақ алып, білімдерін жетілдірген. Олардың көшбасшылық қасиеттерін шыңдап, әлемдік жаңалықтарды сараптауға да үйретіпті. Ұлтаралық диалог, мәдениеттер достастығы туралы білім көкжиектері де кеңейген.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік сыйлығы иегері, профессор Нүсіпжанова Бибігүл Нұрғалиқызы: «Біз бұл жобаны бірден қолдадық. Таудай талабы бар балалардың өмірде өз жолын табуына көмектесуіміз керек. Жоба аясында түрлі шеберлік сағаттары өткізілді. Балалар мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласын аралап, шаһардың тарихымен, мәдениетімен танысты. Білімдерін арттырып, жақсы әсер алды», - дейді.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас дарындар сайысы Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүше болуына 25 жыл толуы мен ЮНЕСКО клубтық қозғалысының 70 жылдығына арналды. Әлеуметтік жобаны қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры бірге ұйымдастырды.

«Біз ЮНЕСКО-мен әріптестік орнатып, үлкен жоба жасап жатқанымызға қуанамыз. Бұл әлеуметтік-мәдени байланысымыз болашақта да жалғаса береді деген үміттеміз. Өнерге, талантты жастарға көңіл бөлінуі тиіс. Рухани байлық бәрінен қымбат», - деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры өкілдігінің директоры Тоқтаров Сергей Тельманұлы.

«Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының директоры Криста Пиккат «Бастамаларыңыз өте маңызды. Жастарға қай жағынан да өзін көрсетуге мүмкіндік беруге тиіспіз. Көрмедегі суреттерді көріп, ерекше әсерлендім. Талантты балалардың көп екеніне тағы бір көз жеткіздім» деп, ұйымдастырушылар жұмысын жоғары бағалады қор директоры.

Бұған дейін «ЮНЕСКО Клубтары шығармашылық Академиясы» 2016 жылы Астана қаласында өткен еді. Ол кезде жобаға 500-ден аса бала қатысты. Енді бұл жоба дәстүрлі түрде жыл сайын жас таланттардың басын қосатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары