Бүгінгі таңда техникалық мамандық иелеріне сұраныс жоғары. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да аз емес. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында президент «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыруға шақырған болатын. Дәл осы жолдауда еңбек нарығын модернизациялау мәселесіне баса көңіл бөлінген еді. Президент тапсырмасы «Баршаға арналған тегін кәсіптік білімді енгізудің жол картасы» мен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.
Қазір елімізде 817 колледж бар, ондағы студенттер саны – республика бойынша 489,1 мың адам. Соның ішінде 98,6 мыңы жұмысшы біліктілігін алып жатса, 390,5 мыңы орта буын мамандықтары бойынша білім алады. Ал Алматы қаласы Білім басқарамасы берген мәліметке сүйенсек, қалада техникалық кәсіпптік білім беретін 82 колледж бар, оның ішінде 22-сі мемлекеттік, қалған 60-ы жеке меншік оқу орны екен.
Болашақтағы 5 жылда әлеуметтік жағынан әлсіз топ қатарына кіретін 673 мың азамат мемлекеттік бағдарламалар бойынша тегін кәсіптік және техникалық мамандықтарды игереді. Ең бастысы, олар кәсіби тұрғыда ғана жетілмей, ай сайын 16 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Мәселен, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы үш бағыттан тұрады. Оның ең алғашқысы – жаппай оқыту, кәсіптік және техникалық білім беру. Мұнда ҰБТ кезінде шекті балды жинай алмай қалған түлектер мен әлеуметтік жағдайы нашар отбасы мүшелеріне, жалпы саны 2500 адамға екі жарым жыл бойы техникалық және кәсіптік білім беріледі екен. Ал оған студенттердің ай сайынғы шәкіртақысы мен бір уақыт тамақтану бағасын қоса есептегенде 495,8 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, 29 жасқа дейінгі жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген жастарды қысқа мерзімді кәсіби оқыту курсына қабылданатын адамдар санын 500-ден 922-ге дейін арттырған.
Бұл жоба жайлы Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гауһар Әбуева: «Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша кәсіптік-техникалық мамандар даярлау ісін жалғастырдық. Оларды арнайы бағдарлама негізінде оқуға жібердік», - дейді.
Соңғы жылдары жұмысшы мамандықтарына сұраныс артқан. Білім және ғылым министрлік мамандарының айтуы бойынша, 2021 жылға дейін елімізде орта білім алушылардың 40 пайызы жұмысшы кәсіптерін игеруге талпынады екен. Осылайша біліктілігі төмен мамандар саны 20 пайызға кемуі тиіс. Бұл мақсатта арнайы бағдарламалар бойынша біршама іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
«Қазіргі таңда еңбек нарығында инженер, радиоинженер, құрылыс саласы мамандарына сұраныс жоғары. Мысалы, осы сұраныс бойынша 4776 жұмыс орны тіркелген. Жалпы ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңына сәйкес, жұмыс іздеуші азаматтарға ұсынылатын бос жұмыс орындары жайлы enbek.gov.kz сайтынан ақпарат алуға болады», - дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гауһар Зәкірқызы.
Басқарма мамандарының айтуынша, алдағы уақытта кәсіптік және техникалық білімі бар мамандарға сұраныс арта бермек.