$ 449.58  486.94  4.86

Оңтүстікқазақстандық өнертапқыш домбыраның электронды нұсқасын қолданысқа енгізді

Қазақтың домбырасы енді iPhone смартфондарында! Яғни, қолында аталған гаджеті бар кез-келген адам енді домбыраның электронды нұсқасында күй тартып, ән шырқай алады. Тіпті, мобильді қосымша арқылы домбыра тартуды үйренуге де болады екен. Мұндай керемет жобаны оңтүстікқазақстандық жас өнертапқыш, IT саласының маманы Нұрлан Қамбар жасап шығарған.

Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық кодымызды жаңғырту мақсатында қолданысқа енді дейді автордың өзі. Ол аталған мобильді қосымшаны жуырда ғана АҚШ-тағы «Apple» компаниясына мақұлдатып, авторлық құқық иесі атанған.

Бүгінде Нұрлан Бауыржанұлы Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы Университеттің ақпараттық жүйелер мамандығының 2- курсында оқиды. Жастайынан оқуда озат болып, зейіні зерек өскен Нұрланның алдағы арманы - атақты ІT маман атану.

Домбыраның электронды нұсқасын ойлап тапқан 20 жасар жігітке бұл идея Астанадағы ЭКСПО көрмесіне барғанда келіпті. Нұрланның бұл идеясын іске асыруға «қазақстандық Стив Джобс» атанып кеткен Арман Сүлейменов ақыл-кеңес беріпті.

«Қазіргі таңда қазақ жастары жаңашылдыққа ұмтылып, жаңа технологияларды игеруге күш салып жатыр. Солардың бірі ретінде мен де өз бағымды сынап көруді жөн санап, алғашқы еңбегімді жүзеге асыруға тырыстым. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі – домбыра үйренуге әрі домбыра жоқ жерде ұялы телефоннан күй немесе ән тартуға мүмкіндік береді. Аталған бағдарламаны мына сілтемеден https://itunes.apple.com/us/app/dombra/id1265753404?l=ru&ls=1&mt=8 тегін жүктеп алуыңызға болады», - дейді өнертапқыш.

Бүгінде ол жазғы демалыс кезеңін пайдаланып Астана қаласындағы Назарбаев университетіндегі ІT мамандардан арнайы сабақ алып жүр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары