«Алтын белгі» иегерлері мүлдем грантсыз қалуы мүмкін деп мәлімдеді КТК телеарнасы. Алматыда бір топ талапкер ақысыз оқуға түскендер тізімінде болса да, сертификатын ала алмай жүр. Сондықтан, олар студенттік өмірге дайындалудың орнына, 10 күннен бері қабылдау комиссиясын айналшықтауда. Бірақ сертификат даулағандарға тұщымды жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Ал бүгін таңертең олардың кейбіріне көптен күткен қағаз берілгенімен, оның өзі де жарамсыз болып шыққан.
Сертификат даулағандардың дені – «Алтын белгі» иегерлері. Бәрі де ҰБТ кезінде өз білімдерін дәлелдеп, 100-ден аса балл алған. Бірақ одан пайда болмай тұр.
Әлия Сәлменова, талапкер:
- 10 тамыз күнгі тізім бойынша Асфендияровта болдық. 14-ші тамыздағы тізімде Казгуде болдық. Енді не Казгуде, не Асфендияровта жоқпыз.
245 баланың мәселесі кеше таңертең шешілгендей болды. Яғни, оларға көптен күткен сертификат берілген. Тек ата-ана мен болашақ студенттердің қуанышы көпке созыла қойған жоқ. Түстен кейін комиссия өкілдері шығып, бұл құжаттың жарамсыз екенін айтып, оны кері қайтаруды талап етіпті. Қуанышы су сепкендей басылғандарға қабылдау комиссиясындағылар жақ ашып ештеңе түсіндірмепті. Сөйтсек, олар тек бұйрықты орындаушы екен. Сертификаттарды кейін қайтару туралы тапсырманы Білім министрлігі берген.
Қазбек Төлебаев, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры:
- Бүкіл сертификатты алып келгенбіз. Бүгіннен бастап жұмыс істегенбіз. Бірақ кейін сертификатты қайта алып қойды. Сертификат береді – біз жұмыс істейміз. Сертификат болмаса – біз жұмыс істей алмаймыз.
Бірақ, министрліктегілер ондай бұйрық берген жоқпыз деп отыр. Ал, жауаптылар бір-біріне сілтеп жүргенде, «Алтын белгі» иегерлерінің мүлдем грантсыз қалатын түрі бар.