$ 498.55  524.28  4.75

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкентте үш жаңа мектеп пайдалануға берілмек

Ағымдағы жылдың тамыз айында Шымкент қаласының Білім бөліміне қарасты білім мекемелерінің саны 228-ге жетіп, оның 132-сі мектеп, 88-і балабақша болса, 8-ін мектептен тыс мекемелер құрап отыр. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева хабарлап отыр.

Шымкент қаласындағы 132 мектептің 118-і типтик ғимаратта, 12-сі ыңғайластырылған ғимаратта, ал 2 мектеп жабық мекемеде орналасқан.

Биылғы жаңа оқу жылының басталуына орай №125,128,129 үш жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, №69 және №97 мектептерінің ғимараты жаңарса, қала аумағындағы тағы үш мектепте қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазір жаңа ғимараттар оқу құралдарымен жабдықталуда. Тамыз айының соңына дейін пайдалануға тапсырылмақ.

Бүгінге дейін Шымкент қаласында үш ауысымда білім беретін 8 мектеп жұмыс істеп келді.

1 қыркүйекте «Достық», «Ақжайық», «Жаңаталап», «Қайнарбұлақ», «Сәуле» шағынаудандарындағы 5 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, 4 800 оқушы қалыпты білім беру жүйесіне көшеді.

1200 орындық тағы бір жаңа мектеп желтоқсан айында Әкімшілік іскерлік орталығында пайдалануға беріледі. Ал, «Таскен» тұрғын алабындағы үш ауысымдық мектептің мәселесі 2018 жылы шешімін табатын болады. Сондай-ақ, «Самал-3» шағын ауданында да жер телімі рәсімделіп, оқушылар үшін жаңа білім ошағының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Оның құрылысын 2018 жылы бастап, 2019 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева бала саны белгілі мөлшерден артық 5 мектептің барын айтады. 

– Бұл мектептерді үш ауысымдық оқу жүйесіне көшірмей-ақ, оқушыларға білім беруін жеңілдету мақсатында жақын маңдағы басқа мектептерден сынып бөлмелерін қарастырдық. Атап айтқанда, №9, 23 мектеп оқушыларына №14, 20 мектептерден сынып бөлмелері берілетін болады. Ал №1, 46, 65 мектептерге жалға алуға ғимараттар іздестірілуде, – дейді Жанат Тәжиева.

Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, №1 мектептің жанынан қосымша құрылыс салу үшін зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған ұқсас №65 мектептегі мәселені ретке келтіру үшін мектеп жанынан қосымша 0,72 га жер мемлекет мұқтаждығына қайтарылды. Қазіргі таңда рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстары 2018-2019 жылдарға жоспарланып отыр.

Демек, 2020 жылға дейін Шымкент қаласында үш ауысымдық мектептердің мәселесі толық шешімін табады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары