Жылдғы дәстүр бойынша биыл да президенттік «Болашақ» стипендиясының иегерлер тізімі анықталды. Биыл 171 студент білімін одан әрі жетілдіру үшін шетелдік жоғары оқу орындарына аттанады. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен Шет елдерде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында мәлім болды.
Мемлекеттік хатшы Қазақстанның үшінші жаңғыруының басымдықтарының бірі ретінде адами капитал сапасын жақсартуда «Болашақ» президенттік стипендиясының рөлі айрықша екенін атап өтті. Гүлшара Әбдіқалықова кадрларды даярлау және білім беру жүйесінің алдыңғы қатарлы буыны ретінде бағдарлама түлектерінің әлеуетін пайдалану жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін айтты.
Отырыста Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің Шет елдерде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы туралы есебі тыңдалды, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасын іске асыруға қатысты бірқатар мәселе қаралды.
Комиссияның шешімімен стипендия магистратура мен докторантурада оқуға, сонымен қатар әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберілетін 171 үміткерге тағайындалды.
Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылап, бағдарламаны іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру және тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы қаулыға 1993 жылдың қарашасында қол қойған болатын. 1994 жылдан бастап бүгінге дейін мыңдаған бала аталған бағдарлама аясында шет мемлекеттерде білімін жетілдірді.
2011 жылдан бастап бакалавриат бағдарламасы бойынша оқыту тоқтатылды. Жұмыс берушілердің нақты тапсырыстары бойынша мамандар даярлауды және жұмыс беруші, стипендиат және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында үшжақты шарт жасауды көздейтін бағдарламалық-мақсаттық тетік енгізілді.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы іске асырылған жылдары әлемнің 35 еліндегі 170 үздік жоғары оқу орнында оқу үшін 12 000 астам қазақстандыққа стипендия тағайындалған.