Еліміз бойынша 180 жоғарғы оқу орны болса, оның 40-қа жуығы Алматы қаласында орналасқан. Сол себепті де Алматыны кейде «студенттер қаласы», «жастар қаласы» деп те атап жатады. Осыншама жоғарғы оқу орындарынан жыл сайын мыңдаған түлектер түлеп ұшып, маман атанып, қанат қағады. Ал, оның бәрі жұмысқа орналаса ала ма? 4 жыл мемлекеттік грантта немесе ақылы оқыған білім ошағы жастарды жұмыспен қамтамасыз ете ала ма?
Қазақстанда білім алу үшін көптеген жағдайлар жасалған. Мемелкеттік гранттар, қосымша гранттар, отбасылық, әлеуметтік жағдайына байланысты жеңілдіктер, өнеріне, спортына байланысты мүмкіндіктер деген сияқты көптеген жағдайлармен қамтылған. Ал бітірген мамандар қайтпек?
Дәл осы сауалды Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі Басқармасына жолдадық. Басқарма басшылығының жауабы көңіл жұбатарлық екен.
– Мәселен, осы жылы 23 жастар жобасы жүзеге асырылуда. Оның 50 %-ы мемлекеттік бюджеттен қамтылып, жастардың мәселелерін шешуге арналған. Мысалы, «Selfmade» жобасын атап айтсақ болады, - дейді Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі Басқармасының бас маманы Қайрат Нұрсоветұлы.
Сондай-ақ, Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру үшін қыркүйек айында жәрмеңке ұйымдастырылады. Өткен жылы дәл осындай жәрмеңке жастардың міндеттерінің өзектілігін ескере отырып, елдегі ең ірі коммерциялфық және өнеркәсіптік компаниялар мен ұйымдардың өкілдері арнайы қатысқан. Осылайша, әр жыл сайын «Selfmade» жобасы аясында жастарға тамаша мүмкіндіктер беріліп келеді екен.
Ал университет студенттерін демалыс уақытында уақытша жұмыспен қамту мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы жұмыс істейді. «Жасыл ел» ұйымындағы 8 жастар жасағынан 1750 адам жұмыспен қамтылған.
– Осыған дейін екі жәрмеңке ұйымдастырылып, 100-ден астам компаниялар 1500 бос жұмыс орнын ұсынды. Жоғарғы оқу орындары, колледждер мен кәсіптік лицейлерде іс-тәжірибелер ұйымдастырып келеміз. Сонда тәжірибесіз маман шығарудың алыдн аламыз деп ойлаймыз, - дейді басқарманың Бас маманы Қайрат Нұрсоветұлы.
Оның айтуынша, қалаға білім іздеп келетін жастардың тең жартысы ауыл жастары екен. Ал олар үшін де тамаша мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, «Ауыл және жұмысшы жастар үшін бейімдеу, оқыту және біліктілігін арттыру орталығы» үздіксіз жұмыс істеп тұр. Мұнда ауыл жастары үшін заң тұрғысынан кеңестер, психолгоиялық көмек, ұйымдасқан компьютерлік сауаттылық курстары, ағылшын тілі, бизнес жобалау, ораторлық орталықтары бар.
Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі Басқармасының бас маманы Қайрат Нұрсоветұлының айтуынша, жастарды қолдау мақсатында тағы да осындай бастамалар ұқолға алынуда. Ең бастысы, жастар мен жоғарғы оқу орнын бітіруші түлектердің үлкен өмірге басқан қадамдары нық «әрі сенімді болуын қадағалайды.
Міне, осындай жастар саясатының нәтижесінде, бүгінде жыл сайын орта есеппен 7-10 % жас маман жұмыспен қамтылып, көрсеткіш оң нәтиже береді.
Ақбота Мұсабекқызы