$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда дәстүрлі «KITAPFEST» кітап жәрмеңкесі өтті

Ауқымды кітап фестивалінің Алматыда өтуі бекер емес. «Оңтүстік астана» - қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қарашаңырағы болып саналады. Қалада кітап оқитын жастардың ортасы да қалыптасқан. Төрт жыл қатарынан өтіп келе жатқан шараны Алматы қаласының әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы және «Бауыржан» қайырымдылық қоры ұйымдастырады.

Төрт жыл қатарынан фестиваль Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарының арасында зор сұранысқа ие болды. Тұрғындар оқылған кітаптарын басқа да қызықты кітаптарға ауыстырып алуға мүмкіндік алды. Биылғы жылы да дәстүр бойынша кітап фестивалі әйгілі Шоқан Уәлиханов ескерткішінің маңында  өтті. Шара ұйымдастырушылары «Бауыржан» қайырымдылық қоры, Алматы қаласының әкімдігі, Еуразиялық франчайзинг ассоциациясы мен «Нұр Отан» партиясы.

– KitapFest фестивалінің өткізілуі тағы бір рет алматы жұртына қарапайым кітаптар қажет екенін көрсетті. Бүгінгі шарада әр түрлі жастағы адамдардың зор ықыласпен келгенін байқадым. Атап айтсақ, еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін фестивальға ат салысуға  жиналды.  Бұл жоба жыл сайын кеңге қанат жайып халықтың кітап оқуға деген құлшынысын арттырып келеді – дейді «Бауыржан» қайырымдылық қорының жоба үйлестірушісі Майра Әлжанова.

Фестиваль бағдарламасы кітаптар жәрмеңкесін, оқырмандарға қызықты танымдық семинарлар, түрлі баспалардың кітап көрмесі мен танымал кітап авторларымен жүздесуді кірістірді. Биылғы жылы кітап фестиваліне 25-тен астам кітап баспалары мен кітап дүкендері қатысты. Алаң жанында арнайы шатырлар тұрғызылып, танымал кітаптар жеңілдікпен сатылды. Әдеби семинарлардың жанкүйерлерін заманауи  публицистер мен ақын-жазушылардың әдебиет тұрғысындағы пікір алмасулары қызықтырды.  Олардың арасында I Book You жобасының авторы Марина Шарипова, Айна Досмехаметқызы, танымал кітап видеоблогының авторы Алия Қадырова, журналист Мәди Мәмбетовтер бар. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелерi - "Нұр Отан" партиясы Алматы қалалық филиалы Төрағасының орынбасары Қайым-Мұнар Табеев, "Өнер" баспасының Бас директоры Әшірбек Көпiшев, "Ан-Арыс" баспасының Бас директоры Кәдірбек Құныпияұлы, акын Әдiлғазы Қайырбеков, сатирик Нұртан Төлепбергенов кiтап фестивалiнiң ашылуында сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Сондай-ақ, жазушылар шатырында қазақ тілді авторлар да қалыс қалмады. Мәселен жазушылар одағынан Ғалым Жайлыбай, Серік Асылбекұлы, Сәуле Досжанова, Гүлзада Ниетқалиева және тағы басқа қаламгерлер өз шығармашылықтарымен  бөлісті.

Кітап әлеміндегі шара аясынан Алматының танымал ірі кітапханалары да тыс қалған жоқ. Олардың дайындаған бағдарламалары арқасында әр оқырман өзінің жанына жақын әрі қажеттісін тапты. Мәселен, Бегалин атындағы кітапхана өз шатыр аймағында кітаптардың тұсаукесерлерімен қатар, түрлі акциялар мен конкурстар ұйымдастырды.

KITAPFEST  фестивалі кітапқұмар оқырмандардың бір-бірімен жақын араласып ой-пікірлерін бір арнадан тоғыстыруына мүмкіндік жасауға бағытталған. Шараның тағы бір ерекшелігі кез-келген оқырман арнайы тақтайшаға өзінің сүйікті кітабы жайлы жазып, өзгелерге де оқуға ұсына алады. Басты ұйымдастырушы «Бауыржан» қайырымдылық қоры «Кітап сыйлап, мейірім сыйла» атты қайырымдылық акциясын бастап, фестиваль аясында Педиатрия ғылыми орталығының балалар гематологиясы және қан аурулары бөліміне, наркологиялық орталық пен қаламыздың түзету колонияларына бірталай кітап жөнелтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары