$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда «Тілдарын» қалалық олимпиадасы өтті

Бүгін Алматыда студенттер мен мектеп мұғалімдері арасында «Тілдарын» қалалық олимпиадасы өтті. Дәстүрге айналған шараны Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы мен Жетісуаудандық әкімдігі бірлесе ұйымдастырған. Биылғы шара ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отыр.

Байқаудың мақсаты: жастардың арасында мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту және дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсету, жастардың  қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуін ынталандыру.

Олимпиаданың шарты бойынша қатысушылар  төмендегі кезеңдер бойынша сайысқа түсті.

  1. Таңдаған тақырыбы бойынша «тұсаукесер» (презентация) өткізу;
  2. Берілген тақырып бойынша эссе жазу;
  3. Берілген мәтін бойынша ілеспе аударма жасау.

Ережеге сай қатысушылар  әр кезеңнің тапсырмасын үш тілде орындады.

Сондай-ақ, қатысушылар олимпиада барысында ой шеңберін дұрыс жеткізіп, сөйлеу мәдениетінің деңгейін көрсетуі тиіс. Сәйкесінше, алдын-ала дайындаған аудио және видео жазбаларын ұсынуы шарт. Әр кезең қорытындысы бойынша қазылар алқасы өте төмен ұпай жинаған жекеленген қатысушыны келесі кезеңге жібермеу мүмкіндігі тағы бар.  

Айта кетейік, қазылар алқасы құрамында тілші, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аударма ісінің кәсіби білікті мамандары төрелік етті.

Нәтижесінде, бірінші, екінші, үшінші орындар анықталып, жүлдегерлерге алғыс хат және тиісті дипломдар мен бағалы сыйлақтар табысталды. ІІІ орынды Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем тілдері университетінен Бекбауов Салауат, ІІ орынды Альфа Білім академиясының аға мұғалімі Адикенов Ерген иеленді. Олимпиаданың І орын иегері Азаматтық авиация акакдемиясының студенті Добрашева Аялита республикалық олимпиадағы жолдама алды, - деп мәлімдеді Тілдерді дамыту басқармасынан Шаймерденов Нұрмұха.

- Менің ойымша, Тілдарын олимпиадасы жастардың белсенділігі мен білімін дамыта отырып, мемлекеттік тілдің қолдану асын кеңейтеді. Мәселен, менің өзім байқауға бір апта қалғанда бағдарламалық мақалаларды оқып бастадым да, екі күн қалғанда нақты тапсырмалар бойынша дайыналдым. Есесіне, қазақ тілінде сөйлеу қабілетім артып, білмейтін біраз дүниелерді үйоендім. Менің өзім үш тілді білемін: қазақ, ағылшын және орыс. Бірақ, өз ойымды ағылшын және орыс тілдерінде жақсы жеткіземін де, қазақ тілінде қиналып қаламын. Ал, бүгінгі байқауға қатысу арқылы бұл кемшілігімнің орнын аз да болса толтырдым", - дейді 20 жастағы студент Гүлжан Қалиева.

Айымхан Әмірбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары