Алматы бүгінде шағын және орта бизнестің орталығына айналып келеді. Кәсіпке келушілердің дені жастар. Осыған орай, Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстандық менеджментті дамыту қорының бастамасымен жас кәсіпкерлдерді қолдау мақсатында «Жас кәсіпкер» жазғы стартап лагері ұйымдастырылып келеді.
Биыл тамыз-қыркүйек аралығында жас кәсіпкерлер өздерінің стартап жобалары мен бизнес-жоспарларымен бөлісіп, тәжірибе алмасты. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге арналған стартап жобалар жазғы лагері 10 күнге жалғасты.
Аталмыш жоба жас кәсіпкерлер көшбасшыларын, әлеуметтік жауапты студенттер мен Алматы қаласының жастарын оқытуды мақсат еткен. Сондай-ақ, жоба аясында бизнес-жобаны бастауға, Қазақстан Республикасының инновациялық экономикасын дамытуға оқытты.
– Біз жобаны ұйымдастыруда жас кәсіпкерлерге ыңғайлы әрі қажетті дүниелерді ескеруге тырыстық. Оның ішінде жас кәсіпкерлер жобаға қатысу үшін бірншеше тапсырмалар атқарды. Атап айтқанда, өздерінің стартап жобаларының толықтай аяқталуын, ғылыми жаңалығы барын ескеруін, пайдалы дүние жасаумен айналысуын талап еттік. Осылайша іріктелген жас кәсіпкерлер жазғы лагерде бірнеше бағыт бойынша дәріс алды, - дейді ұйымдастырушы Ұлпан Жеңіс.
Аталмшы жобаның негізгі міндеті: бизнес-жобаны іске қосуды үйрену үшін жақсы жағдай жасау, жобаны жүзеге асыруға көмек көрсету үшін жоғары білікті мамандарды тарту, қатысушылар арасында кәсіпкерлікке қызығушылықты дамытуға жәрдемдесу, алынған ақпараттарды талдау және топтастыру дағдылары мен қабілетін қалыптастыру, кәсіпкерліктің дағдыларын жетілдіру және әр түрлі демеушілерден қаржыландыру алуды жеңілдету болып табылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, стартап жобалардың үздіктеріне жалпы көлемі 4 500 000 теңге көлемінде ақшалай гранттар да бөлінген.
– Біз ұсынған Jbox жобасы бас жүлдені алды. Бұл – мобильді проекторлық ноутбук. Досымыз Елубайдың көзінің көруі төмендей бастағанда ол проекторға жұмыс істеуді шешті. Осылайша бір идея астында Елубай, Ильяс, Юри үшеуіміз жұмыс істей бастадық. Біздің жобамыз қазылар алқасына ұнағанына қуаныштымыз. Біздің жобаны енді қазылар алқасының мүшесі болған Рүстем Сыздықов қаржыландыратын болады. Біз өте қуаныштымз дейді, - гранпри ұтып алған өнертапқыш жігіттер.
Атап айтқанда, 1 орынға әрқайсысы 1 000 000 теңге көлеміндегі екі грант тағайындалған. 2 орын да 2 жобаға бұйырады. Олардың әрбіріне 750 000 теңге көлемінде грант берілмек. 3 орын - 2 жоба, әрқайсысына 500 000 теңге көлемінде грант тағайындалған.
– «Жас кәсіпкер» жазғы лагері жастарға мотивация берді деп ойлаймыз. Біздің жобаға қатысу үшін жас кәсіпкерлерден мынадай бағыттағы бизнес жобаларды сұрадық: ұлттық өндіріс, әлеуметтік кәсіпкерлік, ІТ шешімдері мен коммуникациялары, аймақтарды дамыту, жасыл технологиялар сынды бағыттарды негізге алуын тапсырдық. Нәтижесі әрине, жаман емес, - дейді ұйымдастырушы Ұлпан Жеңіс.
Аталмыш жобаға 18-29 жас аралығындағы 350 адам өтініш білдірсе, оның ішінде 150 алматылық жас кәсіпкер қатысуға жолдама алған. Олар 10 күн бойын бизнес тренингтерге қатысып, өз жобаларын ұсынды. Бас-аяғы 65 бизнес жобаның 16-ы финалға шықты.
Ақбота Мұсабекқызы