Алматыда 1917 жылғы Ресейдегі төңкеріс пен Алаш автономиясына 100 жыл толуына орай кең көлемде Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институы, РФ Президенті жанындағы РХШжМҚА филиалы - Сібір басқару институты, «Сібір-Еуразия» сараптама клубы ұйымдыстырып отыр.
Талапқа сай, ресейлік, қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардағы ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері көрсетілді. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институының директоры Зиябек Кабулдинов, РҒА-ның корреспондент мүшесі Владимир Ланин және тарихшылар мен ғалымдар болды.
Сондай-ақ, конференцияда ғылыми әдебиеттер, ҚР Президентінің архиві мен ҚР Мемлекеттік орталық архивінің құнды материалдар көрмесі көрсетілді. Ережеге сай, екі елдің ғалымдары тақырыпқа сәйкес баяндамаларын оқып, ақпан және қазан төкерістері туралы, Алаш қозғалысы туралы қызу пікір талас жүргізді.
Конференция барысында төмендегі сұрақтар талқыланды:
- Елу жылда ел жаңа демекші, біз енді жүз жылдың қорытындысын шығаруымыз керек. Алашорда бізге не берді? Осы сұрақтың жауабы төңірегінде зерттеу жүргізуіміз керек. Бүгінгі конференцияда оқылған баяндамалар жаңаша көзқарастың пайда болғанын көрсетті. Ал, мен өз еңбегімде мына нәрсені дәлелдеуге тырыстым: большевиктер қазақ халқына революция тұсында және революциядан кейін көптеген қиянат жасады. Қазақ қоғамының таптық жіктелуін талап етті. Басқаша айтқанда, қоғамда азаматтық соғыс ашуды көздеді. Қоғамды байлар, кедейлер деп екіге бөлді. Бұл қазақ қоғамын бөліп жару болды. Бөліп жарған қоғамда күш болмай әлсізденеді. Жалпы, тарихта патшалық билікті заңды билік деп көрсетеді, бірақ ол да қате ұғым. Заңды биліктің де, патшалық биліктің де күші қазақ қоғамында әлсіз болды. Егер заңды билік мықты болса, онда неге Исатай Тайманұлы көтерілісі, Кенесарының және 1916 жылғы көтеріліс шықты. Ол әрине советтік биліктің заңдық негізі әлсіздігінен. 100 жылдығы аталып жатқан Алашорда қозғалысы қазақ халқы үшін заңды билік. Осы конференцияда осындай тұжырым жасадым, - деді тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиев.
Халықаралық конференцияны өткізу мақсаттарының бірі - бірігіп жасаған зерттеулерді жинау, Қазақстан және Ресей зерттеушілерінің ғылыми байланысын арттыру. Осы мақсатта, екі елдің тарих институттары арасында серіктестік меморандумына қол қойылды.
- Бүгінгі меморандум алдағы уақытта Ресей ғылыми-зерттеу институтына жастарды тәжірибеге жіберіп, мұрағаттық материалдармен алмасып тұруымызға жол ашады. Сондай-ақ, Ресей ғалымдарына өз жинағымызды ұсынып, ақпарат алмасып отырамыз. Ең бастысы, ресейлік базаға енгізілген Ринс және Скопс журналдарына біздің ғалымдардың мақалалары енгізілетін болады. Бұл біздің ғалымдарға таптырмас мүмкіндік. Себебі, талап бойынша қазақстандық ғалымдардың ғылыми еңбектері аталмыш базада жариялануы тиіс. Амандық болса, қазақстандық тарих институтының журналдарын да осы базаға енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Ресей тарих институтының директоры Владимир Ламин қазақстандық «Отан тарихы» журналының редактор алқасына мүше болып қабылданды, - дейді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институының директоры Зиябек Кабулдинов.
Тарихшылар Алаш партиясы мен қазақ басқару элита өкілдері, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым мүшелері болашақ қазақ мемлекеттілігін қалыптастырып кеткен деген тұжырымға тоқталып отыр.
- Бүгінгі конференция туралы ұсыныс Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих институтынан келіп түсті. Бүгінгі көзқарас: екі ірі революция Қазақстанға және Ресейге не берді деген сауалдардың төңірегінде. Осы тұрғыда қандай қателіктерге ұрындық? Екі елдің ғалымдардың осы сауалдар төңірегінде пікірлерін ортаға салды. Ресей ғалымдарымен бұдан кейін байланысты арттыра түсеміз, - деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институының жетекші ғылыми қызметкері Зирабү Толенова.
Айта кетейік, конференция соңы музейге экскурсия жасаумен аяқталды. Енді келер жылы көктемде осы тақырып аясында Ресейде конференция жалғасын табуы бек мүмкін.
Айымхан Әмірбекқызы