$ 449.58  486.94  4.86

Алматыда «Хан Кене – Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің символы» тақырыбында конференция өтті

Алматыда Кенесары Қасымұлының туғанына 215 жыл толуына орай және өзі бастаған ұлт-азаттық көтерілістің 180 жылдығына арналған «Хан Кене Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің символы» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Халықаралық конференцияны Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Ғылым ордасы», «Әділет» тарих-ағарту қоғамы, «Кенесары Хан» қоғамдық қоры және Шыңғыс хан атындағы Халықаралық академиясы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Конференция көрнекті ғалым, тарихшы Ермұхан Бекмахановтың мемориалды кабинетінің ашылу рәсімімен басталды. Салтанатты шараға Ермұхан Бекмахановтың қызы Қарлығаш Ермұханқызы, ҚР Мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы, ҚР Президенті архивінің директоры Борис Жапаров, Шыңғыс хан атындағы Халықаралық академиясының вице-президенті Марал Томпиев, «Кенесары хан» қоғамдық қорының төрағасы Абаған Мұхтархан секілді ел азаматтары қатысып, тарихшының еңбектері мен өмір жолын еске алды.

Кенесары патшалық Ресейге қарсы шығып, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін бастаған соңғы хан. Ол атасы Абайлай ханның ізін жалғап, бүкіл үш жүздің басын біріктірмек болған. Кенесары 1837 жылы бастаған ұлт азаттық көтеріліс тура он жылға жалғасты. Бұл ірі күресті тарихшы Ермұхан Бекмаханов өз монографиясында жан-жақты баяндаған.

Конференцияны ұйымдастырушылар Кенесары мен Ермұхан Бекмаханов секілді тұлғалардың өмірлік жолын зерттеудің маңыздылығын атап өтіп, жас буынға патриоттық тәрбие берудің құралы болуға сұранып тұрғанын айтты..

Сондай-ақ, баяндамашылар қатарында тың деректерді ортаға салған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Шыңғыс хан атындағы халықаралық академияның вице-президенті Марал Томпиев, ҚР орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева және т.б белгілі ғалымдар кең көлемде тарихи деректерді ұсынды.

Шарада нақты ұсыныстар айтылып бекітілді. Атап айтқанда...

- Алматы қаласы әкімдігіне  Кенесары Қасымұлының ескерткішін орнату үшін жер телімін беру өтініші;

- Алматы қаласы көшелерінің біріне Кенесары ханның атын беру;

- ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне Кенесары Қасымұлы туралы көп сериалды көркем фильм түсіру, театр репертуарында тәуелсіздік үшін қазақ халқының күресіне арналған пьеса жазып сахналау;

- ҚР мемлекеттік ЖОО ректорларына, ғылыми-зерттеу институттарының басшыларына, ұлт-азаттық қозғалыстар, Кенесары ханның күресі мен өмірі жайлы магистрлік және докторлық диссертациялардың тақырыптарын бекіту;

- Е.Бекмаханов атындағы мемориалдық кабинетті құжаттық материалдармен толықтыру және т.б.

Айта кетейік, конференция аясында  Ермұхан Бекмаханов атындағы жас тарихшы-ғалымдарға арналған республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Конкурсқа еліміздің барлық өңірінен жас ғалымдар қатысып, 30 жұмыс коммисия мүшелерінің қарауынан өткен. Коммисия шешімі бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға қаржылай сертификат табысталды. Ең үздік танылған екінші орынға Семейлік жас тарихшыға 250 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. Коммисия мүшелерінің айтуынша, қатысушылар арасында тарихи деректерді іздеп, зерттеп жеткізу барысында І орынға сай келетін жас тарихшылар табылмаған.

- Мен бұл байқауға Түркістан қаласы, Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебі атынан тарих пәнінің мұғалімі  ретінде қатыстым. Байқау өзім сияқты жастарға көп мүмкіндік берді. Осы байқау арқылы оқырмандарға тарихи тың деректерді ұсындым. Ғылыми мақаламда көрсетілген жаңалықтар еліміздің рухани тұрғыда жаңғыруына қосқан үлесім деп білемін, - дейді байқау жүлдегері Гүлназ Өтепбергенова.

Алдағы уақытта бұл конкурс дәстүрлі түрде жалғасын табады деген көптің тілегі де бар.

- Бүгінгі конференцияның басты мақсаты – Тәуелсіздігіміздің тарихи сатыларынан өтіп, Хан Кенедей батырларымыздың болғандығын жастарға насихаттау. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында төл тарихымыздың құндылықтарын  жаңғырту.  Конференцияда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысын зерттеудің заманауи тәсілдерін,  фольклорлық жырларды, дипломатия мәселелрін талқылаймыз. Сондай-ақ, Ермұхан Бекмаханов атындағы жас тарихшы-ғалымдарға арналған республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттаймыз. Конкурсқа ұсынылған жұмыстардың барлығы жоғары деңгейде болған жоқ. Сол себептен де, І орын анықталмады, - дейді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зира Төленова.

Айымхан Әмірбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары