$ 448.56  478.03  4.79

Алматының робот жасайтын оқушылары өзара жарысқа түсті

Алматыда оқушылар арасында робототехника жасаудан жарыс өтті. Байқауға қаланың және облыстың мектептері мен лицейлерінен 15 команда қатысқан. Құл темірдің құрылысын бес саусағындай білетін олар бақ сынасты. Білгірлердің бәсекесі осымен Алматыда үшінші рет өткізіліп отқанын айта кетейік.

Сайысқа қатысып жатқан роботтар экологиялық таза, табиғатқа зиян келтірмейтін заттардан құрастырылған. Бұл - жарыстың басты талабы. Сонымен қатар, құл темірдің салмағы мен көлемі де шағын болу қажет. Байқау басталмас бұрын қатысушылардың техникаларын өлшеу рәсімі өтті. Биылғы сайыс тақырыбы ауыл шаруашылығына арналған. Яғни, роботтар далалы жерлерде еркін жүруі тиіс.

«Бұл робокон жарысында ең маңызды идеямыз – роботтарды егу шаруашылығында, ауылдарда болашақта егін егуге пайдасын тигізуге жасалынған деп ойлаймын», - деді Мирас-Робокон командасының мүшесі Замиржан Добай.

Бір роботты кем дегенде 6 адам құрастырады. Оған шамамен жарты жылдан көп уақыт кетеді екен. Техниканың жабдықтарын сатып алуға демеушілер мұрындық болған.

Оқушылар құрастырған робот 3 минуттың ішінде берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап шығуы тиіс. Мұнда алаң екіге бөлінген. Бір жағында автономды түрде жұмыс істейтін техникалар, енді бірінде пультпен басқарылатын роботтар сайысқа түседі. Ережеге сәйкес, смарт құрылғы цилиндрлерді белгіленген орынға қойып шығулары керек.  

Көп командалардың автономды түрде жұмыс істейтін құл темірлері істен шығып жатты. Егер дәл сол робот цилиндрды тура қойса екі ұпайға саналады. Жарыста пультпен басқаратын техникалар жақсы нәтиже көрсетті. Аталған байқауды ендігі жылы Жоғарғы оқу орындарының арасында өткізу жоспарланып отыр.

«Негізі біздің чемпионатымыз «ардуино» жобасында жасалынған чемпионат. Ардуино дегеніміз - бұл Легодан қарағанда өте күрделі, жоғары болып есептелінеді. Негізі біз басында Университет арасында өткіземіз деген ой болған, бірақ өздеріңіз білесіздер, универлер бұған дайын емес. Оған үлкен қаражат бөлу керек. Оған дайындық болу керек. Мамандар болу керек ол жағынан. Сондықтан мектептерден бастадық», - деді Халықаралық ақпараттық технология универститетінің коммерциялық директоры Медет Тұрғанбаев.

Жарыс жеңімпаздарына IT Университетінің гранттары табысталады. Ал екінші, үшінші орын алған командаларға аталған оқу орнында жеңілдіктер қарастырылған.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» ұлт жоспарында еліміздегі білім беру саласына жаңа технологиялар енгізу, жасөспірімдердің инновациялық идеяларын жүзеге асыру сынды мәселелер көтерілген. Басты мақсат – бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп шығару және Қазақстандағы заманауи ғылымды дамыту.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары