"Инновациялық технологиялар паркі" еліміздегі инновацияның дамуына өлшеусіз үлес қосуды мақсат еткен. Олар қала орталығынан ІТ-зартхана ашып, кәсіпорындардың қауқарын еселеуді көздеп отыр. Жаңа орталықтың әзірге әлемде теңдесі жоқ. Ұқсасы тек - Чилиде кездеседі. Олар сол елдегі мекеменің жұмысын негізге алып, түрленген зертхана құрыпты. Ерекшелігі - мамандар тау-кен саласында еңбек ететін компанияларды қашықтықтан бақылып, олардың қызметін бағамдай алады.
«Біз барлық компанияны бір орталыққа шоғырландыруды жоспарлап отырмыз. Олардың қызметі, жылдық табысы, жұмыс істеу мүмкіндіктері туралы толық мәлімет біздің базаға жиналады. Зертхана мамандары ортақ жүйеге түскен мәліметтерді сараптап, оның нәтижесін кәсіпорындарға дәлме-дәл уақытта жолдап отырады. Бұл - процесс өндіріс өнімділігін 15 пайызға, техникалық қызметке кететін шығынды 10 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді»,-деді "Инновациялық технологиялар паркі" автономиялық кластерлік қорының бас директоры, Санжар КЕТТЕБЕКОВ.
Жаңа жобаны бірлесе жүзеге асыруға британдық компания ықтиярлық танытқан. Қазір зертханада 11 сарапшы жұмыс істеп жатыр. Олар өндіріс орындарындағы еңбек өнімділігін үздіксіз қадағалап отырады. Мамандардың барлығы шет мемлекетте білімдерін шыңдап, тәжірибелерін толыстырып келген. Зауыт деректері - арнайы бағдарламаға топтастырылады. Сол арқылы олар мониторинг жүргізіп, сараптама әзірлейді.
«Бұл лаборотория кәсіпорындарда болатын процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Яғни, өндірілетін тауарларды, өндіру процесін арттыру. Егер құрылғыларда ақаулар болып жатса, соларды байқау. Демек, бүкіл процеске анализ жасап, соның қорытындысын тапсырыс берушілерге жолдау. Сол арқылы процестерді оңтайландырып, жоғарғы деңгейге жеткізу»,-деді ІТ-Зертхана қызметкері, Алпамыс АСЫЛБЕК.
Әзірге, зертхана көмегіне еліміздегі тау-кен саласында жұмыс істейтін 3 компания жүгінген екен. Олар елеп-екшелген ақпараттарды қабылдап, олқы тұстарын оңтайландыруға тырысып жатыр. Айтуларынша, орталық өңдеген мәліметтер кәдеге жараған.
«Компания жұмысына сараптама жасау туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, ІТ-зертхана қызметкерлерінің көмегіне жүгіндік. Мақсатымыз - кәсіпорын жұмысын 15 пайызға оңтайландыру. Осы күні орталық өңдеген ақпараттарды алып үлгердік. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз»,-деді "Алтын алмас" АҚ бизнес-кеңесшісі, Дарын МҰҢСЫЗБАЕВ.
"Инновациялық технологиялар паркінің" басшылығы жыл соңына дейін тағы 3 зертхана ашуды көздеп отыр. Оның бірі қосымша құн салығын лезде есептеуге бағытталса, енді бірі - қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған жасанды интеллект құру. Ал, соңғысы - құрылыс кезінде шығынды азайтуға септеседі. Арнайы бағдарлама - құрылысты алдын ала жоспарлап, оған жұмсалатын ақшаны дәлме-дәл есептеуге мүмкіндік береді.