$ 498.34  519.72  4.85

Б.Байбек «Smart Almaty» инновациялық жобасын жүзеге асыру жұмыстары туралы айтып берді

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша берген тапсырмасына орай қазіргі кезде «Smart Almaty» инновациялық қаласын қалыптастыруға қатысты белсенді жұмыстардың жүріп жатқанын айтты.

«Заманауи технологияларды денсаулық сақтау, білім беру, бизнес, қауіпсіздік және көлік сияқты салаларда енгізу азаматтарға еш кезексіз, ғаламтор арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдалануларына мүмкіндік береді. Бұлардан өзге, мемлекеттік қызмет көрсету уақыты қысқарады әрі ашық болады, сыбайлас жемқорлыққа бағытталған адами фактор жойылады», - деді Бауыржан Байбек.

Алматы әкімі бүгінде жол қызметкерлері мен автокөліктердің бейне тіркеу және GPS құрылғылармен қамтылғанын айтты.Егер инспекторлар белгіленген бағыттан шығатын немесе бейнетіркегішті өшіретін болса, онда олар қызметтен босатылады. Бұлардан өзге, жол полициясы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы электронды толтыруға көшті. Бұл осы саладағы жемқорлықтың белең алуына тосқауыл қойып, айыппұлды сол жерде төлеуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде полиция қызметкерлері 200-ден астам планшетпен қамтылған, келесі жылы олар планшетпен 100% жабдықталатын болады.

Ол қаладағы «бір терезе» қағидасымен барлық мемлекеттік қызметті көрсететін «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығы туралы да айтты. Бұл орталық Оңтүстік –Шығыс Еуропа елдерінің арасында халыққа қызмет көрсетудегі инновациялық жоба ретінде 2-ші орынды иеленді. Орталық азаматтар үшін сабылып қала кезбей, мемлекеттік қызметті бір жерден алуға мүмкіндік береді. Қоғамдық қабылдау халыққа ыңғайлы болу үшін қала орталығында - «Almaty Towers» ғимаратында орналасқан. Мұнда қаланың барлық аудандық әкімдіктерінің, бес негізгі басқармалардың, алты орталық мемлекеттік органның, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері мен медиаторлар жұмыс істейді. Шағымдар телефон және Интернет арқылы он-лайн қабылданады. Ашылғанына небәрі 3 ай болған Орталыққа 4 мыңға жуық өтініштер түскен.

Алматы әкімі халықаралық зерттеулер қорытындысы бойынша таяу арада әлемдік экономиканың жаңа тенденцияларға негізделетінін айтты. Дәстүрлі дүкендер қызметіне, қолма-қол ақшаға, өндірістегі қол еңбегіне сұраныс азаяды. Барлық сауда- саттық пен қызмет көрсету электорнды түрде интернет арқылы жүзеге асады.

«Бүгінгі күні қаламызда электронды коммерция жүйесі кең қолданысқа ие. Мысалы, республика бойынша «Қазпошта» арқылы шетелден келетін пошталық жөнелтілім көлемі 10 миллионнан асатын болса, оның 40 пайызы Алматыға тиесілі. Жалпы, қазірдің өзінде алматылықтардың цифрлы технологияны қолдану деңгейі өте жоғары. Электронды үкімет порталын қолданушылардың 25%-ы алматылықтар. Еліміздегі төлем карталарының 30%-ы Алматыда тіркелген, бүкіл қолма-қол ақшасыз төлемдердің 54 пайызы Алматыда жүргізіледі», - деді Бауыржан Байбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары