11.06.2015, 18:00

«Алтын белгіге» үміткер түлектердің 48 пайызы үмітті ақтамады

studlife.kz

2015 жылы өткен Ұлттық бiрыңғай тестiлеудің қорытындылары бойынша түлектердің жартысына жуығы Алтын белгіні ақтай алмады, деп хабарлады  ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң комитет төрағасы Саят Нүсiпов.  

Нүсіповтың мәліметінше, Ұлттық бiрыңғай тестiлеу жалпы 165 жерде өтті. 124 346 баланың 84 248-i қазақ тiлiнде, 40 мыңнан астам оқушы орыс тiлiнде оқу бiтiрдi. Өтiнiш берген 87 783 түлектiң 82 865-i ұлттық бiрыңғай тестiлеуге қатысты, бұл 94,4 пайызды құрайды», — дедi Нүсiпов ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнiң баспасөз мәслихатында. 

Оның хабарлауынша, биыл «Алтын белгiнi» растаған оқушылардың саны 10 пайызға өскен. 

"Бұл бiз үшiн өте жақсы жаңалық. 4397 үмiткердiң 52 пайызы "Алтын белгiге" лайық екенiн растады, 2014 жылы бұл көрсеткiш 42,2 пайызды құраған едi. Жалпы саны биыл 2205 бала "Алтын белгiні" растады", — дедi ол.