Алматы қаласында «Тірегі сендер елімнің» республикалық фестиваліне қатысқан студенттер инновациялық идеясы үшін миллион теңге көлеміндегі грант ұтып алды.
«Тірегі сендер елімнің» республикалық фестивалі Алматы қаласында төртінші рет өтті. Биыл Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы (Алматы, Астана, Павлодар, Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан) университеттерден келген 8 топ фестиваль аясындағы «Жас толқын» олимпиадасында физикалық мүмкіндіктерін көрсетті. Аймақтардан келген 40 студент 100 метр қашықтыққа жүгіру, секіру және доп лақтыру сынды сайыстарға қатысты. Одан бөлек, студенттер шешендік өнерлерін паш етіп, қызықты бизнес-идеяларын таныстырды.
Фестивальді ҚР Тұңғыш Президентінің қоры жанындағы жас ғалымдар кеңесі ұйымдастырды.
«Фестиваль жас кәсіпкерлер үшін бастау алаңына айналып үлгерді. Мысалы, Сулейман Демирел атындағы университетінің студенттері жұмыссыз жастардың санын қысқарту мақсатында «JobБер» мобильді қосымшасын өткен жылы ұсынып, жеңімпаз атанған. Осы сынды жобалардың жүзеге асырылуы - фестивальдің басты көрсеткіші», - деді ҚР Тұңғыш Президентінің қоры жанындағы жас ғалымдар кеңесінің төрағасының орынбасары Сухраб Жапаров.
Миллион теңгенің идеясы креативті әрі сұраныстағы концепцияға ие болуға тиіс. Студенттер ұсынған жобалар арасында қалада гүл сататын автоматтар орнату, өзіне-өзі қызмет ететін киім жуу орталықтарын ашу, инновациялық ауаны тазалау құрылғысын жасау сынды идеялар болды.
Фестиваль төрешілерінің шешімі бойынша, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінен келген «Идеал» тобының «SeedCup» идеясы ең үздік деп танылды. Студенттер биологиялық түрде өзі жойылатын кофе стақандарын шығаруды ұсынған. Бұл идеяны жүзеге асыру арқылы студенттер табиғатты сақтауға өз үлестерін қосатындарын айтты.
Айта кетейік, «Тірегі сендер елімнің» республикалық фестивалі 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Фестивальдің мақсаты: Қазақстан студенттерінің шығармашылық потенциалын ашу, студенттік жастарды ғылыми кеңістікке интеграциялау, сонымен қатар, заманауи Қазақстан студентінің бейнесін шығару – белсенді, жан-жақты дамыған жас ұл немесе қыз. Сол себепті фестиваль, студенттерге өз потенциалдарын максималды түрде ашуға және өздерін түрлі салаларда көрсетуге мүмкіндік беретін, көптүрлі іс-шаралардан тұрады.
Жолдас Өрісбаев