Биылғы жылы ҚР ҚМ Кадет корпусын ең көп түлек, яғни 214 адам бітірді. Оқу орны ашылғалы 2 224 сержант «Әскери басқару» мамандығын оқып шықты. Оның ішінде 2012 жылы – 206 адам, 2013 жылы – 176 және 2014 жылы – 181 сержант бітірді.
Бітірушілер арасында 11 сержант үздік бағаға бітіріп, Дамир Бірібаев, Азамат Қыстаубаев пен Азамат Қажыбаев үздік медаль алды. Айта кетейік, Кадет корпусына 17-21 жас аралығындағы жастар, сондай-ақ жасы 23-тен аспаған келісімшарт негізінде және мерзімді әскери қызмет өтеген сарбаздар оқуға қабылданады.
Жалпы, оқу бағдарламасы 1 жыл 10 айға есептелген. Бірінші курста кадеттер әскери қызметтің негіздерін үйреніп, әскери ант қабылдайды және 10 жылға келісім-шартқа қол қояды. Екінші курстан бастап жауынгерлік тағылымдамадан өтеді. Олар ҚР ҚК әскери бөлімдеріне барып, теориялық білімдерін іс жүзінде сынайды.
Оқуды бітірісімен кадеттер «Әскери басқару» мамандығы бойынша «Әскери басқарудың кіші маманы (менеджер)» біліктілігі берілгені туралы диплом алады. Сонымен қатар, «Механика – 3-сыныпты БМП жүргізушісі» және «В», «С» категориялы автокөлік жүргізушісі куәліктері беріледі.
Айта кету керек, Ш.Уалиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусы бастапқы әскери білім бағдарламасы бойынша ҚР ҚК сержанттық лауазымында қызмет атқаратын кіші командалық құрамды даярлауды жүзеге асырады.
Кадет Корпусы– кейбір шет елдерде және Қазан төңкерісіне дейінгі Ресейде болған, негізінен, ақсүйектер мен әскерилердің балаларына арналған офицерлік қызметке немесе әскери оқу орнына түсуге даярлайтын жабық оқу-тәрбие орны. Батыс Еуропада Кадет корпусы 17 ғасырдың орта тұсында алғаш рет Пруссияда ақсүйектердің балаларын әскери қызметке даярлау үшін ашыла бастады. Ресейде мұндай оқу орны тұңғыш рет 1732 жылы құрылған. Ол алғашында дворяндардың балаларын тек офицерлік қызметке даярлау мақсатымен құрылғанымен, 18 ғасырда оны бітірушілер арасынан әскерилер ғана емес дипломаттар, сот, әкімшілік қызметкерлері көп шықты. 19 ғасырдың 1-жартысында таза әскери оқу орындарына айналдырылды. 1863 жылы әскери гимназияларға айналдырылып, 1882 жылы қайтадан қалпына келтірілді. Кадет корпусында мұғалімдер мен тәрбиешілер офицерлерден алынды, оқушылар роталарға, бөлімшелерге бөлінді. Оқу бағдарламалары бірнеше рет жаңартылды, әскери ғылымдардан басқа химия, механика, жоғары математика, жаратылыстану ғылымдары, тарих, физика оқытылды. 1917 жылы қарсаңында Ресейде 29 Кадет корпусы болып, онда 10 мыңнан аса кадеттер білім алды. 19 ғасыр – 20 ғасырдың бас кезінде Омбы мен Орынбордағы Кадет корпусынде көптеген қазақ балалары білім алды. Олардың ішінде қазақтан шыққан тұңғыш ғалымдар Ш.Уәлиханов, М.С. Бабажанов, кавалерия генералы Г.Жәңгіров, Абайдың інісі Ғ.А Өскенбаев, т.б. болған.
Ал, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1996 жылы 1 шілдеде ашылған әскери орта арнаулы оқу орны. Ақмола облысының Шортанды қаласында орналасқан. Қазақстан Қарулы Күштеріне сержант лауазымында келісімшарт бойынша қызмет ететін кіші командирлер кадрларын даярлайды. Бітірушілер мотоатқыштар әскерінің кіші командирі (сержант-маман) дипломын алып, оған қоса автомобиль және бронетанк техникасын жөндеуші слесарь және дара компьютерлер операторы мамандықтарына ие болады, сондай-ақ, 3-сыныпты жаяу әскер бронды машинасының механик-жүргізушісі және “В” санатындағы жүргізуші куәліктерін алады. Кадет корпусына шәкірт жинау 1996 жылы тамыз айынан басталды, тұңғыш түлектері 1999 жылы 29 шілдеде оқу орнын бітіріп шықты. 2000 жылы 16 ақпандағы Қазақстан Үкіметінің қаулысы және Қорғаныс министрлігінің бұйрығы негізінде оқу орнына Ш.Уәлиханов есімі берілді.